Рафсанджани аймақта жауластық саясатының жалғасып жатқаны туралы ескертті
Иранның Жүйе мүддесін анықтау алқасының Стратегиялық зерттеулер орталығының төрағасы жауластық саясатын жалғастырып, қайшылықтарды өршітудің аймақтың бейберекеттігін одан ары ушықтыра түсетінін мәлімдеді.
Аятолла Хашеми Рафсанджани сенбі күні лаңкестік әрекеттер, лаңкестерді демеушілер мен шетелдік араласушылыққа қатысты саяси қайшылықтарды өршітудің Сирия мәселесін шешу үшін зиянды екенін айтып: «Қолда бар деректер аймақта жауластық саясатының жалғасып, аймақтық қайшылықтардың өршіп, тіпті әлемдік деңгейде дағдарыстардың күшейіп жатқанын көрсетеді »,-деді.
Иранның Жүйе мүддесін анықтау алқасының Стратегиялық зерттеулер орталығының төрағасы Таяу Шығыста, әсіресе Сирияда дағдарыстың күшейгеніне алаңдаушылық білдіріп, АҚШ пен оның одақтастарының Ресеймен текетіресі туралы хабарларға тоқталып: «Бұл сөздер ақпараттық қауесет болудан қалды. Бұл жағдай әлемдік қауіпсіздікті қатерге ұшыратып отыр»,-деді.
Аятолла Хашеми Рафсанджани Путиннің әлемнің түкпір-түкпіріндегі, әсіресе Еуропадағы ресейлік азаматтарға қауіпсіздік жайлы ескертуін және Башар Асадтың «Сирия мәселесіне қатысты әлемдегі психикалық соғыс» туралы айтқан жуырдағы сұхбатын көңіл аударуға тұрарлық деп атап: «Әлемнің зияткерлері қырағы болуы тиіс, өйткені тіпті шектеулі көлемде басталған оқиғаны басқару өте қиынға соғады»,-деді.