Рухани: Иран мен Оман аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылық орнатуды көздейді
ИИР Президенті аймақтың барлық елдерінің қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ортақ әріптестікті дамыту керектігін, сондай-ақ, Йеменде атысты тоқтату бітімін орнатып, жапа шеккен халыққа көмектесу қажеттігін баса айтты.
ИИР Президенті Хасан Рухани сәрсенбі күні Маскатта Оманның королі сұлтан Кабуспен кездесуінде Иран мен Оманның аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөліне тоқталып: «Екі ел халықаралық сауда үшін қауіпсіз әрі еркін жол Ормуз бұғазының тарихи күзетшілері болып табылады. Олардың әріптестігі аймақтың тұрақтылығы пен дамуын қамтамасыз етуде әсерлі болады.
Аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аймақтық елдердің жауапкершілігі мен аймақішілік әріптестіктен артық шешім жолы жоқ, өйткені барлық елдер аймақта баянды қауіпсіздік пен тұрақтылық орнату үшін өзара әріптестік жасауы керек»,-деді.
Рухани Ираннан үркіту саясатын таратуды аймақтан тыс елдердің қастандықтары және ислам мен аймақ арабтарының ортақ дұшпандарының жобалары деп атап: «Теһран әрдайым қиындықтар мен қайшылықтарды диалогпен шешудің жаршысы болып келеді. Иранның әскери құдіреті тек қорғаныстық сипатта әрі аймақтың қауіпсіздігін нығайтудың тірегі болып табылады»,-деді.
Оманның королі сұлтан Кабус та осы кездесуде Иранның көршілес елдермен жақынырақ қарым-қатынас жасауға және аймақта ынтымақтастық орнатуға әзірлік танытатындығына алғыс айтып: «Иран мен аймақ елдерінің қарым-қатынасын нығайту аймақтың дамуына, қауіпсіздігі мен тұрақтылығына көмектеседі»,-деді.