Түркиядағы лаңкестік жарылыстардың себеп-салдарларын сараптау
(last modified Sat, 26 Mar 2016 11:34:22 GMT )
Нау 26, 2016 17:34 Asia/Almaty
  • Түркиядағы лаңкестік жарылыстардың себеп-салдарларын сараптау

Түркияның қауіпсіздік күштеріне қарасты бір орталықтың алдында орын алған лаңкестік жарылыста кем дегенде 3 адам қаза болып, ондаған адам жараланды. Түркияның TRT арнасы Диярбакыр облысының оңтүстік-шығысында орналасқан Лис аймағында бомба қойылған көліктің жарылуы салдарынан кемінде 3 түркиялық сарбаздың қаза болып, ондаған адамның жараланғанын хабарлады.

Түркиядағы лаңкестік жарылыстар мен әрекеттер өткен маусым айынан үкімет пен Күрдістан жұмысшылары партиясының арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелгеннен кейін басталды. Бұл әрекеттердің бір бөлігінің жауапкершілігін Күрдістан жұмысшылары партиясы мойнына алса, бір бөлігін үкімет осы топпен байланыстырып отыр. Ал келесі бір бөлігін осы елдің қоғамындағы лаңкестік-тәкфіршіл топтар жүзеге асырды. Өткен жаздағы басты себепкерлері ИСИМ-нің мүшелері деп жарияланған Суруч оқиғасынан кейін, Түркияның Күрдістан жұмысшылары партиясы үкіметтің күрдтермен есеп айырысуының нысанасына айналды.

Анкара үкіметін сынаушы кейбір орталардың билеуші «Әділет және даму» партиясы қайраткерлерінің сыртқы және ішкі саясат алаңдарындағы шешімдерін Түркиядағы тұрақсыздықтың жалғасуының басты себебі деп атауына қарамастан, елдің қауіпсіздіктен кенделігінен ең көп зарарды Түркия қоғамы экономикалық, әлеуметтік және психикалық тұрғылардан көріп отыр.

Бұл жағдайдың жалғасуының осы елдің экономикалық дағдарысының кең ауқымды дағдарысқа айналуы, ұлттық валюта құнының арзандауы, туризм индустриясынан түсетін табыстың төмендеуі және тұрақсыздық, ақыр соңында Түркия қоғамындағы наразылықтардың туындауы сияқты салдарлары болатыны сөзсіз.

Түркияның аймақтық қатынастардағы саяси ықпалының төмендеуі, қоғамның таптарға бөлінуі, үкіметтің қауіпсіздік, экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қайтарудағы шешімдерінің тиімділігінің азаюымен бір мезгілде бәсекелес партиялардың нығаюын Түркиядағы бейберекеттіктердің жалғасуының жағымсыз салдарларының қатарына жатқызуға болады. Осы бейберекеттіктердің ауқымы қазір күрдтер қоныстанған аймақтар мен Түркияның Сириямен шекаралас облыстарынан асып, Түркияның экономикалық астанасы Стамбұл мен осы елдің шешім қабылдайтын орталығы Анкараға дейін жетті. Сондықтан күрдтерді басып-жаншу, олардың күрдтер қоныстанған аймақтардағы және Ирактың солтүстігіндегі позицияларын бомбалау әрекеті жалғасатын болса, күрдтердің үкіметтің қауіпсіздік және әскери күштерінің амалдарына жауап ретіндегі іс-әрекеттерінің де жалғасатыны белгілі.

Егер Анкара үкіметі ИСИМ лаңкестік-тәкфіршіл тобының іс-әрекеттеріне көзжұмбайлықпен қарап, ИСИМ-мен күрес сылтауымен басқа әлеуметтік топтарды нысанаға алса, ИСИМ лаңкестік тобының Түркиядағы лаңкестік әрекеттері де бұрынғыдан бетер артатын болады.

Сондықтан Түркия Президентінің өзі жұмыс тәртібіне енгізген лаңкестікпен күрес заңын қайта қараумен қатар, лаңкестікті жаман және жақсы деп бөлмеу, сыртқы саясаттағы іс-әрекеттер мен күрдтер партиясы және Түркиядағы күрд қоғамымен қарым-қатынас тәсілін қайта қарау қоғамдық наразылықтардың өрістеуіне тосқауыл болып, осы елдегі қоғамдық және экономикалық тұрақтылықты қайтара алады. Бұл мәселеге қазіргі жағдайда Анкара үкіметінің қайраткерлері аса сенім білдірмейтін тәрізді. Сол себепті Түркиядағы лаңкестік әрекеттер әлі де жалғасуы мүмкін.