Ирак халқы ДАИШ-пен күресте шешуші жеңіске жеткенін тойлады
(last modified Mon, 11 Dec 2017 09:02:45 GMT )
Жел 11, 2017 15:02 Asia/Almaty
  • Ирак халқы ДАИШ-пен күресте шешуші жеңіске жеткенін тойлады

Ирак қарулы күштерінің ДАИШ лаңкестеріне қарсы ақырғы жеңіске жетуін мәлімдеумен бір мезгілде түрлі қалалардағы, әсіресе Бағдадтағы Ирак халқы бұл жеңісті атап өтті.

ИРНА ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, Ирак үкіметінің ДАИШ лаңкестік тобын толығымен жеңгенін ресми түрде мәлімдеуіне орай жексенбі күнін демалыс деп жариялап, бір мезгілде Бағдад қаласы мен Ирактың басқа да қалалары жексенбі күні таңертең халықтың ерікті түрде ұйымдастырған той-думанына куә болды.

Ирактың исламдық қарсыласу топтары Ирактың түрлі қалаларында, соның ішінде Наджаф қаласында ДАИШ лаңкестік тобын жеңуіне байланысты әртүрлі мерекелік фестивальдер ұйымдастырды.

Мұның алдында Ирак президенті Фуад Масум Ирактың ДАИШ-қа қарсы түпкілікті жеңіске жетуімен халықты құттықтап, лаңкестік және тәкфирлік идеялармен күресті жалғастыру қажеттігін қуаттап, әлемдік қауымдастықтан Иракқа қолдау көрсетуді жалғастыруды сұрады.

Ирак премьер-министрі Хейдар әл-Абади сенбі күні Ирак күштерінің осы елдің Сириямен арадағы шекараларында толық билік орнатқанына байланысты Ирактың ДАИШ-қа қарсы майданда шешуші жеңіске жеткендерін жариялады.

ДАИШ лаңкестік тобы 2014 жылдың маусым айында Ирак жеріне баса-көктеп кіріп, елдің көптеген бөліктерін басып алған болатын.