Сейіт Хасан Насролла: Бүкіл аймақ мұнай мен газ үшін соғыстың ошағында орналасқан
(last modified Sat, 17 Feb 2018 13:11:56 GMT )
Ақп 17, 2018 19:11 Asia/Almaty
  • Сейіт Хасан Насролла: Бүкіл аймақ мұнай мен газ үшін соғыстың ошағында орналасқан

Ливан Хезболласының бас хатшысы бұл елдің сионистік режиммен шекаралық қақтығыстары мен аймақтық сулардағы мұнай және газ ресурстары үшін тартысқа қатысты айтқан сөзінде: "Бүкіл аймақ мұнай және газ үшін соғыстың ошағында орналасқан",- деді.

Ливан Хезболласының бас хатшысы Сейіт Хасан Насролла жұма күні кешке Бейрутте өткен Хезболла шәһидтерін еске алу рәсімінде: "Сионисттік дұшпандар Голан жоталарын Израильге қосып алу үшін АҚШ билігінің басына Дональд Трамптың отыруы секілді мүмкіндікті іздеді. Голан жоталары енді тек ұлттық қауіпсіздік мәселесі саналмайды. Бұл – су, мұнай және газдың үлкен қайнар көзі",- деді.

Насролла АҚШ-тың Сирияның шығысын басып алуына сілтеме жасап: "ДАИШ-тың Сирияда жеңіліс табуына қарамастан, АҚШ әлі де бұл елдің кейбір бөліктерін басып алған. Себебі Сирияның ең маңызды мұнай және газ кен орындары Евфрат өзенінің шығысында орналасқан. Сирия күрдтері де өздерінің өткен тәжірибелерінен сабақ алғаны жөн",- деді.

Ливан Хезболласының бас хатшысы сөзінің жалғасында Сирия Әуе қорғаныс күштерінің сионистік режимнің қырғи ұшағын құлатқанына тоқталып: "Орын алған оқиға теңдессіз жетістік саналады. Дұшпанның ұшағын құлату туралы шешімді Сирия басшылары қабылдаған. Одақтастар да бұл жайттан хабардар",- деді.

Насролла Ливан, Палестина, Сирия, Ирак, Йемен және бүкіл әлемдегі қаналған халыққа қолдау көрсетіп, қарсыласу қозғалысымен бірге табандылық көрсеткені үшін ИИР жүйесіне алғыс білдіріп: "Иран халқы батылдық, ерік-жігер мен табандылығының арқасында ислам республикасы жүйесін құрып, 39 жылдан бері оны қорғап келеді",- деді.