Иран мен Ирактың стратегиялық әріптестіктері жоғары деңгейге жетті
ИИР Вице-президенті Исхақ Джахангири үш күндік сапармен Иракқа барды. Бұл сапар Ирактың ДАИШ лаңкестерінен тазартылғанынан кейін екі елдің даму үстіндегі әріптестігінің кеңейе түскенін көрсетеді.
Джахангириді сәрсенбі күні түстен кейін Бағдадта Ирактың Премьер-министрі Хейдар әл-Абади ресми түрде қарсы алып, артынан тараптар екіжақты келіссөздердің алғашқы кезеңін өткізді. ИИР Вице-президенті Бағдадта өткен ортақ отырыста Иран мен Ирак қарым-қатынасының жақсы әрі сындарлы екендігіне тоқталып: "Екі елдің қарым-қатынасы әртүрлі салалар бойынша қабылдауға тұрарлық деңгейге жетті. Теһран мен Бағдадтың саяси байланыстары стратегиялық сипатта",-деді. Ирактың Премьер-министрі Хейдар әл-Абади да осы ортақ отырыста Иранға Иракқа лаңкестікпен күресуге көмектескені үшін алғыс айтып: "Ешкім екі елдің қарым-қатынасын бұза алмайды. Ирак Иранмен қарым-қатынасын барлық саяси-экономикалық және мәдени салаларда нығайтады",-деді.
Ирак мен Ирак ұзақ ортақ шекарасы, екі ұлттың байырғы қарым-қатынасы, тарихи, мәдени және діни ортақтастықтарының болуына байланысты әрдайым өзара қарым-қатынасты дамыту жолында қадамдар жасап келеді. Бұл байланыстар 2003 жылы Баас диктаторлық режимі құлатылғаннан кейін бүгінде гүлденудің шарықтау шегіне жетті. Иран мен Ирак халықтарының ортақ мәдениет аясындағы тығыз қарым-қатынасы екі елдің саяси-экономикалық байланыстарына негіз болып отыр. Бұл Иран мен Ирактың стратегиялық ынтымақтастығын дамыту үшін үлкен тірек саналады. Халықтар арасындағы байланыс Иран мен Иракты сенімді серіктерге айналдырды. ДАИШ лаңкестерімен соғыста ИИР-ның Ирактың жанынан табылуы осы сенімнің нышаны болды.
ДАИШ лаңкестерімен соғыста Иранның ешқандай шартсыз Иракпен сындарлы әріптестік жасауы Иранның көршілес ел ретінде жауапкершілігі мол екенін көрсетті, өйткені бұл ел Ирактың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын өзінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы санайды. Ирактың тынышсыздық пен терроризм дағдарысынан сәтті өтуі Теһран мен Бағдад қарым-қатынасының мызғымас қалпына шынайылық сыйлады. Бұл байланыстың тамыры ортақ мәдениет пен халықтардың өзара тығыз қатынасында жатыр.
Саяси және қауіпсіздік саласында Иран Иракпен көршілес ел ретінде ДАИШ лаңкестеріне Бағдад пен Эрбильді басып алуға және бұл елдегі тынышсыздықтың одан ары белең алуына рұқсат бермеді. Мұнымен қоса, Иран Ирактың экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Тұрақтылық пен берік қауіпсіздік – Иракты абадтандырып, қайта қалпына келтіру үшін қажет шарттар. ДАИШ-тен кейінгі кезеңде бұл маңызды шарттар жүзеге асты. Ирак басшыларының айтуынша, бұл елді қайта қалпына келтіру үшін шамамен 100 млрд доллар қажет. Бұл салада Иран Иракқа ерекше назар аударып отыр. Исхақ Джахангиридің Бағдадқа баруымен бір мезгілде Иран компаниялары мен жеке секторы Иракты қайта қалпына келтіруге байсалды түрде атсалысу үшін Иран үкіметінің Иракқа 3 млрд доллар көлемінде несие беруге әзірлігі жарияланды.
Иран тас жол мен темір жол салу, сонымен қатар медициналық, техникалық-инженерлік қызметтер көрсету саласында мол тәжірибеге ие. ДАИШ-тен кейінгі кезеңде Ирактағы қирандыларды қайта жөндеу үшін осы елдің қажеттілігіне қарай Иран тәжірибелерімен бөлісе алады. Иран мен Ирактың экономикалық қарым-қатынасы қайта қалпына келтіру кезеңіндегі өзара әріптестіктің маңыздылығын еселендіре түседі.