Рухани: Сирия дағдарысының әскери шешім жолы жоқ
(last modified Wed, 04 Apr 2018 15:11:34 GMT )
Сәу 04, 2018 21:11 Asia/Almaty
  • Рухани: Сирия дағдарысының әскери шешім жолы жоқ

ИИР-ның президенті Астана келіссөздері үдерісі мен Иран, Түркия және Ресейдің Сирия дағдарысын шешу жолындағы рөлін маңызды деп бағалап: «Сирия дағдарысын аяқтап, осы елді қалпына келтіру үшін тиісті жағдай қалыптастырып, сириялық босқындардың өздерінің өмір сүрген мекендеріне оралуына негіз дайындау үшін үш ел мен әлемдік қауымдастық шынайы талпыныс жасауы керек» деп баса айтты.  

Хасан Рухани сәрсенбі күні Анкарада Сирия тақырыбында өткен Иран, Ресей мен Түркия президенттерінің үш жақты екінші саммитінде сөйлеген сөзінде: «Сирия дағдарысының әскери немесе сырттан таңылатын шешім жолы жоқ. Сирияның болашағы Сирия халқының демократиялық сайлауы арқылы шешіледі» деді.

Иран президенті Иранның Сирия дағдарысының басынан-ақ оның шешім жолының әскери болмайтынын қуаттап, осы негізде төрт баптан тұратын жоба ұсынғанын айтып: «Сирияның Ұлттық сұхбаттар Конгресі Сирия дағдарысын бейбіт жолмен шешетін үдерісті бастауда тиімді негіз қалыптастырды» деді.

Рухани Сирия халқының гуманитарлық тұрғыдағы апатты жағдайына тоқталып, халықаралық қауымдастықты Сирияның ұлттық егемендігін бұзбай, елдің барлық аймақтарына гуманитарлық көмек көрсету үшін талпыныс жасауға шақырды.

Иран президенті сонымен қатар Сирияны қалпына келтіру ісінде әсерлі құзырға ие болуға елінің әзір екендігін баса айтып: «Сирияда ел үкіметінің рұқсатынсыз бөгде әскерилердің орналасуы – заңсыз. Бұл іс доғарылуы керек» деді.