Рухани мен Ердоған Израильдің лаңкестік әрекеттерін айыптады
ИИР Президенті Палестинаның басып алынғанына 70 жыл толғанда осы елдің жапа шеккен халқының сионистік режим тарапынан қырып-жойылуын өкінішке толы үлкен апат деп атады.
ИИР Президенті Хасан Рухани сәрсенбі күні Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сұхбатында: "БҰҰ мен Ислам ынтымақтастық ұйымы осы қысылтаяң шақта Палестина халқын қолдау жолындағы өз міндеттерін атқаруы тиіс",-деді. Түркия Президенті де сионистік режимнің Палестинаның жапа шеккен халқына қарсы қылмыстарын өкінішті деп атап: "Израильдің қырғыны – АҚШ үкіметінің ойланбай істеген әрекеттерінің салдары. Бұл қатынас сионистерді қылмыс жасауға ынталандырып отыр",-деді.
Түркия Ислам ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде жұма күні Стамбұлда осы ұйымға мүше елдер басшыларының төтенше отырысын өткізу арқылы Палестина мәселесін, әсіресе сионистік режимнің "Некбат" (Бақытсыздық) күні Палестина халқына қарсы қылмыстарын талқылап, қарастырады. Иран да Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін Палестинаның арман-мақсаттарын қолдауда алғы шепте келе жатқан ел ретінде әрдайым Палестина жеріндегі өзгерістерді бақылап, палестиналықтардың заңды қарсыласуын қолдап, сионистердің қылмыстарын аймақ пен халықаралық деңгейде әшекере етуге күш салып келеді. Сионистердің Газадағы қылмыстары бәрінен бұрын ислам елдерінен Палестинаның армандарын қорғауға және Израиль режиміне жауап беруге талпыныс жасауды талап етіп отыр. Бұл саладағы салғырттық болашақта жақсылыққа әкелмейді.
Сионистік режимнің әскерилері "Некбат" күнінің 70 жылдығында АҚШ елшілігінің басып алынған Құдсқа көшірілуімен бір мезгілде Газадағы наразы палестиналықтарға оқ жаудырып, 62 адамды шәһид етіп, 3 мыңға жуық адамды жаралады. Сионистердің бұл қылмысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың рұқсатына сүйенген олардың айуандығы мен лаңкестік қатынасының шарықтау шыңын көрсетті.
Газа секторындағы Палестина халқының бейбіт шерулері қоғамдық пікірдің Палестина мен Газа секторының қоршауы мәселесіне көңіл аударуды арттырды. Шерулерді басып-жаншу Палестинаның арман-мақсатының дұрыстығы мен әлемдік қоғамдық пікірдің Құдсты басып алған режимді айыптайтынын көрсетіп отыр. Осы аяда Газадағы Палестина исламдық қарсыласу қозғалысы саяси кеңсесінің басшысы Яхия әл-Санвар сәрсенбі күні "Қайта оралу құқығы" атты шерудің мақсаттары туралы: "Бұл мақсаттардың бір бөлігі орындалды. Олардың алғашқылары – араб әлемі мен халықаралық қауымдастықтың назарын Палестина мәселесіне аудару, Палестина халқының қайта оралу құқығы мен басқа да құқықтарын бекіту",-деді.
Сионистік режим Трамп үкіметі мен кейбір ымырашыл арабтардың әріптестігімен Палестинаның арманы мен болмысын жою мақсатында "Ғасыр келісімі" атты жобаны орындауды көздеп отыр. Алайда "Қайта оралу құқығы" атты шеру бұл қастандықтың күлін көкке ұшырды. 2018 жылдың 30 наурызынан басталған "Қайта оралу құқығы" атты шеру палестиналық босқындардың өздерінің туған жерлеріне қайтып оралу принципін бұрынғыдан бетер заңдастыра түсті. Осындай жағдайда АҚШ елшілігін Құдсқа көшіру тарихи қаланы палестиналықтардан тартып алып, Израильдің лаңкес режиміне заңдылық берумен бірдей.