Әл-Бағдадидің жетекшілігіндегі ДАИШ және Батыс Азия аймағындағы бүлік
ДАИШ лаңкестік тобының басшысы әл-Бағдади өлтіріліп, Абдулла Кардаш осы топтың жаңа басшысы болып тағайындалды.
ДАИШ пен Абу Бакр әл‑Бағдади туралы әртүрлі қырдан, соның ішінде қалай құрылғаны, әсіресе АҚШ‑тың оны құрудағы рөлі туралы көп нәрсе жазуға болады. Бірақ ең маңызды сұрақтың бірі мынадай: «ДАИШ пен әл‑Бағдадидің пайда болуының Батыс Азия аймағына салдарлары қандай болады?»
Батыс Азия аймағында әл‑Бағдадидің пайда болуының ең маңызды салдары деп ДАИШ‑тің басып алған елдерде адами апат тудыруын айтуға болады. Абу Бакр әл‑Бағдади 2014 жылдың маусым айында Масулда өзін ДАИШ халифі деп атап, ислам халифатын құруды көздейтінін айтты. ДАИШ пен әл‑Бағдади 4 жылдан аз уақыт бойы Иракта болды, бірақ бұл елде тудырған адами апаты тарихта бұрын- соңды болмаған. 2014 жылдың маусым айында «Спайкер» жаппай қырып‑жоюы – осындай қылмыстардың бірі. Бұл оқиғада «Спайкер» әскери базасында 1700 қарусыз шиіт студент өлтіріліп, ортақ қабірге жерленді. Мұнымен қоса, ДАИШ лаңкестері бейбіт адамдарды, әсіресе әйелдер мен балаларды «тірі қалқан» ретінде пайдаланды. Көп әйелді ұрлап әкетіп, құл ретінде сатты. Тірідей өртеу, халықтың алдында бауыздау – ДАИШ‑тың Иракта істеген антигуманистік қылмыстарының апатты түрлері. ДАИШ пен әл‑Бағдади жойылса да, даиштік идеология мен даиштен қалғандар Ирактың әртүрлі бөліктерінде әлі бар. Соңғы тынышсыздықтарда осыған қатысты ақпараттар таратылды.
ДАИШ пен әл‑Бағдадидің пайда болуының екінші салдары – осы топ болған елдердегі әлеуметтік жүйенің бұзылуы. ДАИШ лаңкестері Ирак пен Сирияда әлеуметтік инфрақұрылымдарға, соның ішінде тұрғын үйлер, мектептер, емдеу орталықтары, жолдар мен егіс алқаптарына қатты зиян келтіріп, осы елдердегі тіршіліктің негізін жойды. Бұл қылмыстар Ирак пен Сирия сияқты елдердің ондаған жылға артта қалуына себеп болды.
ДАИШ пен әл‑Бағдадидің Батыс Азия аймағында пайда болуының үшінші салдары – осы топ орналасқан елдерде орталық үкіметтің әлсіреуі. Университет ұстазы әрі Батыс Азия істерін зерттеуші сейіт Джавад Салехидің пікірінше, ДАИШ жасаған қылмыстар орталық үкіметтердің әлсіреуіне соқтырды.
Қорытындылай келе, Трамп Абу Бакр әл‑Бағдадидің өлімін жеңген адамдай жариялағанымен, ол басқарған ДАИШ Батыс Азия аймағын көп қиындыққа душар етіп, АҚШ пен оның одақтастарының мүдделеріне қажет істерді атқарып кеткенін айту керек. Әл‑Бағдадидің өлімі Батыс Азия аймағы үшін бетбұрыс нүктесі саналмайды, бұл тек ДАИШ лаңкестік тобы ғұмырының жаңа кезеңі басталғанын білдіреді.