Иран Президенті Стамбұлға сапармен келді
ИИР Президенті Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер басшыларының 13-ші саммитіне қатысу үшін Түркияның Стамбұл қаласына келіп жетті.
Президент аппараты баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша, Иран Президенті Хасан Руханиді сәрсенбі күні кешке Стамбұлдың әуежайында Түркияның Экономика министрі Мұстафа Әлитас пен Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф қарсы алды.
Хасан Рухани сәрсенбі күні түстен кейін Теһраннан Стамбұлға аттанбас бұрын тілшілерге берген сұхбатында: «Иран Стамбұл отырысында ислам әлеміндегі қарама-қайшылықтарды жою және мұсылмандардың бірлігін нығайту мақсатында, әсіресе терроризммен күреске қатысты шешім жолдары айқындалатындай пікірталас болатындығына үміт білдіреді. Стамбұл саммиты ислам әлемінің қазіргі қысылтаяң шағында барлық мұсылман елдері басшыларының басын қосу тұрғысынан да өте маңызды»,-деп мәлімдеді.
Иран Президенті Теһранның Стамбұл саммитында терроризммен күрес жолында әсерлі қадамдар жасалатындығына үміт артатынын айтып: «Иран іс жүзінде терроризммен күресіп жатқан кез-келген үкімет пен халықтың сұраған көмегіне оң жауап берді»,-деді.