Бейрут жарылысының салдарлары
(last modified Wed, 05 Aug 2020 12:32:13 GMT )
Там 05, 2020 18:32 Asia/Almaty

Ақпарат құралдары Ливандағы жойқын жарылысты Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде АҚШ-тың Хиросима мен Нагасакиге атом бомбаларын тастауымен салыстырып отыр. Бұл жарылыстың неден туындағанын былай қойғанда, оның шағын ел Ливан үшін ауыр салдарлары болары анық.

Кеше кешке Бейрут айлағында болған жойқын жарылыстың себебі не және кім ұйымдастырғаны жайлы нақты ақпарат жоқ. Жарылыс немқұрайлықтан туындаса да, қасақана ұйымдастырылса да, табиғи немесе жасанды болса да, іштен немесе сырттан басқарылса да, Ливанға өте ауыр шығын әкелді және салдары көпке созылатын болады.

Ливан Хизбулласының мәлімдемесінде: «Бұрын-соңды болмаған бұл апатты оқиғаның адам денсаулығы, әлеуметік және экономикалық салаларда қатерлі салдарлары зор. Сондықтан ливандықтар мен барлық саяси топтар бірігіп, осы қиындықтан өту үшін ортақ шаралар атқаруы қажет»,-делінген.

Бейрут жарылысының алғашқы сезілген салдары адам шығыны болды. Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы уақытқа дейін бұл жарылыста шамамен 100 адам қаза тауып, 4 мыңнан аса адам жараланды. Қаза болғандардың саны артуы мүмкін. Адамдардың қаза болып, жаралануымен қоса, бұл жарылыс Ливан азаматтарының рухына ауыр нұқсан тигізді. Өйткені Ливан халқы туыстары, жақындары мен отандастарын жоғалтуы және Бейруттың маңызды бөлігінің қиратылуы салдарынан психологиялық соққыға ұшырады.

Шағын атом бомбасының жарылысын еске салған бұл жойқын жарылыстың екінші сезілерлік салдары экономика саласында болмақ. Ливанның қазіргі ең маңызды қиындығы экономика саласында болып отыр. Ол тіпті Хассан Дияб үкіметі үшін қауіпсіздік түйткілін тудырды.  

Ливанның кейбір ақпарат құралдарының хабарлауынша,  осы елдегі батысшыл ағым 20 млрд доллардан асатын соманы қысқа уақыттың ішінде елден шығарған. Бұл Ливанның ұлттық валютасының 70 пайызға құнсыздануына алып келді. Қазір мына жарылыстан кейін  Дияб үкіметі мен халықтың экономикалық қиындықтары арта түседі.

Бейрут жарылысының үшінші салдары саяси салада болмақ. Ливан үкіметінің жарылыстың орын алуына қатысы жоқ, тіпті ықтималды немқұрайлық та үкіметке қатысты емес. Алайда бұл жарылыс Хассан Дияб үкіметіне саяси қысымдарды арттырады. Дияб үкіметі 6 айлық қызметінде ең ауыр қысымдарға ұшырады. Ішкі және сыртқы қарсыластар оны құлатуға көп талпыныс жасады. Солардың ең соңғысы өткен дүйсенбіде Ливан Сыртқы істер министрі Насиф Хаттаның мақсатты түрде отставкаға кетуі болды. Қазір үкімет оппозиционерлері халықтың психологиялық жағдайын пайдаланып, Дияб үкіметіне қарсы психологиялық соғысты арттыратын болады.