Рухани: Терроризм – ислам әлемінің түйткілі
(last modified Thu, 14 Apr 2016 09:49:39 GMT )
Сәу 14, 2016 15:49 Asia/Almaty
  • Рухани: Терроризм – ислам әлемінің түйткілі

ИИР Президенті терроризм, экстремизм және жікке бөлінушілікті ислам әлемінің бүгінгі түйткілдері деп атады.

Иран Президенті Хасан Рухани сәрсенбі күні Түркияның Стамбұл қаласында өтетін Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының саммитына қатысу үшін Теһраннан аттанбас үшін тілшілерге берген сұхбатында: «Иран Стамбұл отырысында ислам әлеміндегі қарама-қайшылықтарды жою және мұсылмандардың бірлігін нығайту мақсатында, әсіресе терроризммен күреске қатысты шешім жолдары айқындалатындай пікірталас болатындығына үміт білдіреді»,-деді.

Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшыларының саммиты «Әділеттік пен бейбітшілік үшін бірігу және тілектесу» деген тақырыпта бейсенбі және жұма күндері Түркияның Стамбұл қаласында өтеді. Терроризм және экстремизммен күресу – Стамбұлда өтетін ислам елдері басшыларының күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі.

Қатігез де шекара танымайтын терроризм мен экстремизм – бүгінде адамзат баласының, соның ішінде ислам әлемінің ауыр тауқыметі. Исламды жамылған тәкфирлік терроризм ислам әлемі аумағының кейбір бөліктерін қанға бөктіріп, ислам елдері арасына жік салу жолында әрекет етуде. Батыстың терроризмге қарсы екіұшты қатынасы және тәкфиршілдерді ислам елдерінде құрал ретінде пайдалануы ислам әлемінің аумағын кейбір араб және Батыс елдері, соның ішінде АҚШ тарапынан қолдауға ие болып отырған лаңкестердің ықпал аймағына айналдырды.

Кейбір аймақтық және Батыс елдерінің қаржылай және логистикалық қолдауына сүйенген Сирия мен Ирактағы ДАИШ лаңкестері осы елдер мен ислам әлемі үшін ауыр түйткілге айналды. ДАИШ лаңкестерінің шекарадан тыс әрекеттері Сирия мен Ирактың олардың ықпал ететін жалғыз алаңы емес екендігін, бұл мәселеден қапы қалу басқа ислам елдеріне әсер ететіндігін көрсетті.

Ислам әлемінің қазіргі жағдайы бәрінен бұрын мәселелерді шешу үшін ұжымдасқан исламдық ынтымақтастықты талап етеді. Ислам ынтымақтастық ұйымынің ислам елдері арасындағы құрылым ретінде ислам әлемінің мәселелерін шешуден басқа мақсаты болмауы тиіс. Осы зор мүмкіндікті сындарлы түрде пайдалану ислам әлеміндегі терроризм мен экстремизм қаупін жоюдың кілті болмақ.

Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше 57 ел ислам әлеміндегі қазіргі түйткілдер жайында ортақ түсінікке келу арқылы өздерінің қиындықтарын шетелдік араласушылықсыз-ақ шеше алады және дұшпандарға ислам әлеміндегі бірліктің жоқтығын теріс пайдалануға тосқауыл қояды. Ислам елдері арасындағы алшақтық олардың дұшпандары, соның ішінде сионистік режим мен АҚШ-тың мүддесіне сай келеді. Олар осылайша өздерінің қитұрқы мақсаттарын ілгерілетеді.

Ислам елдерінің бірлігі – ислам әлемінің түйткілдерін, соның ішінде терроризм қатерін жою, Палестина мәселесін әділетті түрде шешудің басты негізі. Мұнымен қоса, ислам әлемінде бауырластықты нығайту халық, қуат көздері және мол діни ортақтықтар сияқты күш-құдіреттің құрамдас бөліктерімен бірге ислам әлемін халықаралық жүйедегі жоғары күшке айналдыра алады.

Иран ислам әлеміне жататын ел ретінде әрдайым ислам елдерінің бірлігі жолында әрекет етіп, терроризммен күресте де алғы шептен көрініп келеді.

Иранның Стамбұлдағы Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің мамандары мен Сыртқы істер министрлерінің отырысына белсенді түрде қатысуындағы мақсаты – ислам әлемінің мүддесін қорғау. Хасан Руханидің ислам елдері басшыларының саммитына қатысуы Иранның қиындықтарды шешу және қайшылықтарды жою үшін зор исламдық әлеуетке ерекше назар аударып отырғанын көрсетеді.