Түркия мен БАӘ текетіресі жалғасуда
https://itolqyn.com/news/west_asia-i48091-Түркия_мен_БАӘ_текетіресі_жалғасуда
Түркия мен БАӘ-ның Ливияға қатысты текетіресі ауызша және БАҚ беттеріндегі қақтығыстардан Жерорта теңізінде әскери қақтығысқа ұласу алдында тұр.
(last modified 2025-11-05T11:24:26+00:00 )
Там 29, 2020 18:58 Asia/Almaty
  • Түркия мен БАӘ текетіресі жалғасуда

Түркия мен БАӘ-ның Ливияға қатысты текетіресі ауызша және БАҚ беттеріндегі қақтығыстардан Жерорта теңізінде әскери қақтығысқа ұласу алдында тұр.

Осыған орай, Түркия үкіметінің аты аталмаған бір шенеунігі БАӘ-нің өз шегінен артық белсенділік танытып, отпен ойнап жатқанын ескертіп: «БАӘ қырғи ұшақтары Түркияның теңіздегі шекарасына жақындаған жағдайда қатаң жауап берілетін болады»,-деді.  

БАӘ мен Грекия Жерорта теңізінде әскери жаттығу өткізуге дайындалып жатқан шақта Түркия БАӘ-ге қатаң әскери реакция білдіретінін ескертті. Грекия басшылары: «Жерорта теңізінде БАӘ мен басқа да одақтастармен біріккен әскери жаттығу өткізу Түркияның әрекеттеріне қарсы тежегіш шара болып табылады»,-деді. Бұдан бұрын Түркия Жерорта теңізінде осы мақсатта әскери жаттығу өткізген болатын.

Түркия мен Грекияның текетіресі тарихтан тамыр алады.  Ал Түркияның БАӘ-мен текетіресінің бастауы кейбір діни және саяси мақсаттарда жатқаны мәлім. Түркия мен БАӘ соңғы жылдарда аймақтық мәселелер жөнінде ұдайы тартысып келді. Екі елдің қайшылық оты жуырда қайта өрши түсті. БАӘ Ливиядағы өзгерістерге қатысты жуырда Түркияны осы африкалық елдің ішкі ісіне араласып отыр деп айыптап, Анкара саясатын  лаңкестерге қолдау көрсету деп атады.

БАӘ үкіметі, сондай-ақ,  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне хат жолдап, Анкараны араб елдерінде бүлік пен тынышсыздық тудыруға талпынып жатыр деп айыптады.  Түркияның Сириядағы әскери амалдары халықаралық заңдарды бұзу болып табылады.

Анкара басшылары үшін  БАӘ сияқты елдің Түркияға шабуыл жасауы сенгісіз жағдай екені және БАӘ-ның Түркия үкіметіне қарсылар тобына қосылуы қабылдауға келмейтін жайт екені анық. Ал БАӘ-нің сыртқы саясаты өткен бірнеше жылда оқшау мемлекеттің аймақ елдері, әсіресе Түркиямен соғысуға дайын елге айналып бара жатқанын көрсетеді. Осы салада Мәскеу университетінің ғылыми кеңесінің мүшесі әрі Стамбұл университетінің ғылыми зерттеу институтының жауапты директоры және саяси сарапшы профессор Мехмет Паринчак: «Жерорта теңізінің шығыс бөлігінде Израиль, АҚШ, Кипр мен Грекия бір коалиция құрып, Түркияға қарсы атлантикалық майдан құрды. Бұл елдер Түркияның қауіпсіздігіне қатер төндіруге бағытталған амалдар жасап жатыр. Түркия Кипр мәселесінде де, Ливия мәселелесінде де, Шығыс Жерорта теңізі саласында да маңызды мүдделерге ие. Алайда БАӘ Ливия мен Шығыс Жерорта теңізіне қатысты Түркияның мүдделеріне толықтай қайшы  позиция ұстанып отыр»,-деді.

Анкара мен Абу Даби бетпе-бет келіп отырған дағдарыстар мен қақтығыстарға, әсіресе Батыс Азия мен Солтүстік Африка дағдарысына шолу жасағанда екі елдің бір-біріне қарсы сап түзегенін көруге болады. Соңғы бірнеше жылда БАӘ Түркияға қарсы тікелей де жанама түрде дайындалған жоспарлардың барлығына қатысты. Соның ішінде 2016 жылы 15 шілдеде Түркияда болған сәтсіз төңкерісті атауға болады. Бұл оқиға Түркия мен БАӘ қарым-қатынасы тарихында бетбұрыс нүктесі болды.