Иран Сыртқы істер министрінің Ливанға сапары
ИИР Сыртқы істер министрі Хұсейн Амир Абдуллахиан бейсенбі күні таңертең Ресейге сапарынан кейін Ливан астанасы Бейрутке барды.
Иран Сыртқы істер министрі бүгін Бейрутте Ливан Президенті Мишель Аун, Парламент төрағасы Набих Берри, Ливан Премьер-министрі Наджиб Микати, Сыртқы істер министрі Абдулла Бухабиб және палестиналық топтардың өкілдерімен кездеседі.
Иран Сыртқы істер министрінің Ливанға баруымен бір мезгілде ливандықтар әлеуметтік желілерде «Қош келдіңіз» хештэгін таратып, ИИР-ның Ливанға қолдауларына алғыс айтты.
Иран мен Ливанның қарым-қатынасы бірнеше қырдан маңызды. Байланыстың ерекшеліктерінің бірі – сионистік режимнің басқыншылықтарымен күресте қарсыласу қозғалысын нығайтуға стратегиялық әсер етуі.
Иран сионистік режиммен күресіп жатқан қарсыласу қозғалысына әрдайым қолдау білдіріп, тағдыр шешілер қысылтаяң жағдайда Ливанның тәуелсіздігі, қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қорғап келеді және өзінің күш-қуатын барлық салада және түрлі сатыларда дәлелдеді.
Ливанда аса ауыр жағдайлардың бірі – жуырда болған жанармай дағдарысы. Ливан бірнеше ай бойы жанар-жағармай тапшылығын сезініп, ауыр экономикалық және тұрмыстық қиыншылықтарға ұшырады. Тіпті Ливандағы жанармай бекеттерінің басым бөлігі жабылып қалды. Сұйық отын тапшылығы коронавирус жаппай таралған шақта халықты және өміршең салалар, әсіресе ауруханалар мен су және кәріз жүйелерін электр қуатымен қамтамасыз етуді ауыр қиындыққа ұшыратты, сондықтан Ливанның түрлі өңірлерінде наразылықтар туындады.
Халықаралық экономика жөніндегі сарапшы Реза Мұхташамипур Иранның Ливанға осы саяси-экономикалық түйткілден шығуға көмектесуде маңызды рөл атқарғаны туралы: «Иранның мүддесі аймақта тұрақтылық тудыруға бағытталған. Ал АҚШ аймақта дағдарыс тудырып, елдердің экономикалық тұрақтылығын бұзуды көздейді»,-деді.
Ливанда дағдарыстың ушығуының алдын алу Иранның мүдделер пазлындағы саяси-экономикалық бағыттардың бірі саналады. Осы елге мұнай өнімдерін экспорттау АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялары үшін тағы бір жеңіліс болды. Бұдан бұрын да Иранның мұнай өнімдері Сирия мен Венесуэлаға экспортталды.
Иран Сыртқы істер министрі Бейрутке кірер алдында осы елді жаңа үкіметтің құрылуымен құттықтап: «Өтініш жасалған жағдайда Теһран ешқашан Ливаннан көмегін аямайды»,-деді.
Амир Абдуллахиан Ливан үкіметінің құрылуын қиындықтарды артқа тастап, арман-мақсаттарға жету жолындағы маңызды қадам деп атап: «ИИР-ның пайымдауынша, Ливанда бейбітшілік пен тұрақтылыққа бөгделерді араластырмай демократиялық жолмен ішкі бірлік пен біртұтастықты сақтай отырып қол жеткізуге болады»,-деді.
Сионистік режимнің Ливаннан үсті-үстіне жеңіліс табуы, соның ішінде 2000 жылғы соғыс, 2006 жылғы 33 күндік соғыс, «Құдс семсері» майданы және Азаттық туннелінде жеңілуі Ливан халқының қарсыласу қозғалысымен бірге лаңкестік, басқыншылық және АҚШ-тың санкцияларына қарсы күресте жарқын нәтижеге жеткенін көрсетеді. Осы үдерісте ИИР әрдайым Ливан халқы мен үкіметінің жанынан табылады. Иран Сыртқы істер министрі Ливанға барарда айтқанындай, Иран бұрынғыдай Ливанмен қарым-қатынасын жан-жақты дамытуға дайын.