Израиль үшін Газадағы ең ауыр күн
Сионистік режим армиясының Газа секторына қарсы соғысының 109-шы күні болған әл-Мағази операциясында 38 сионист сарбаз қаза тауып, бірқатар адам жараланды. Сондықтан бұл күн Израиль үшін ең ауыр күн болды.
"Адам төзгісіз ауыр таң", "Соғыс басталғаннан бергі ең ауыр күн", "Ауыр таң" және "Жүрегіміз жаралы". Бұл – Израиль режимі басшыларының кеше, дүйсенбі күні таңертең болған оқиғаға қатысты реакциясы. Израиль армиясы дүйсенбі күнді (соғыстың 109-шы күні) Газа соғысындағы ең ауыр күн деп атады. Бұған ең маңызды дәлел мынау: Газа соғысының 109-шы күні Израиль армиясында бір күнде ең көп адам шығыны болды.
Палестина қарсыласу топтары бұған дейін де ондаған адамды өлтірген болатын. Бірақ Израиль армиясы мұны мойындамады. Ал дүйсенбі күні болған адам шығынын мойындады. Палестина қарсыласу күштерінің әл-Мағази базасындағы әскери амалы Израиль армиясының Газаның солтүстігі мен орталық бөлігінде палестиналық топтармен күресті жалғастыратынын жариялағаннан кейін орын алды. Израиль армиясы палестиналық топтардан ауыр соққы көреміз деп ойламады. Әл-Мағази операциясы осы ойдың қате болғанын, сионистік режимнің барлау қызметінің әлсіздігін тағы да дәлелдеді.
Тағы бір маңызды мәселе мынау: Әл-Мағази операциясы бәрінен бұрын Газаның сионистік режим үшін батпаққа айналып бара жатқанын көрсетті. Газаға қарсы соғыстың төртінші айы аяқталып келеді. Сионистік режим әлі күнге дейін өзінің әскери мақсаттарына, яғни тұтқындарды азат етуге және ХАМАС-ты жоюға қол жеткізе алмады. Әл-Мағази операциясы Палестина қарсыласу күштерінің жойылмағаны былай тұрсын, 109 күннен кейін Израиль армиясына тағы ауыр соққы беруге күш жинай алғанын көрсетті. Сондықтан сионистік режим Газаға қарсы соғысын жалғастыратын болса, жаңа соққыларды күтуі керек.
Соғыс алаңында Израиль армиясына осындай соққы жасалды, ал саяси алаңда Нетаньяху ауыр күндерді бастан кешіріп жатыр. Соғыс ұзаққа созылған сайын Нетаньяхуға қарсы наразылықтар, оның отставкаға кетуін талап етушілер көбейді. Тіпті Соғыс комитетінің мүшесі Айзенкот соғысты тоқтату құнымен болса да, тұтқындармен алмасу туралы келісімге қол қою керегін айтып отыр. Бұған қарамастан, ХАМАС Израильдің барлық тұтқындарды азат ету үшін 2 ай атысты тоқтату бітімін жариялау туралы ұсынысын қабылдамады. ХАМАС Газаға қарсы соғыс пен қылмыстарды толық тоқтатуды талап етіп отыр.