Там 01, 2024 20:41 Asia/Almaty

Сионистердің ішкі жанжалынан соң және Нетаньяда тұратын экстремистердің басқыншы режимнің базалары мен әскери сотына шабуылынан кейін сионистік режимнің ақпарат құралдары "Израиль хаостың ортасында және азаматтық соғыстың алдында тұр" деп мәлімдеді.

Израильде тәртіпсіздіктердің артуы және ішкі дағдарыстың кеңеюі, Исмаил Хания шәһид болғаннан кейін Израиль әуе кеңістігінің жабылуы, Бейрутке шабуылдан кейін сионистердің Хизболланың ықтимал жауабынан қорқуы – Батыс Азиядағы ең маңызды оқиғалардың бірі.  

Басып алынған жерлердегі бейберекеттік/күйреу мен ішкі дағдарыс туралы ескерту

Al-Jazeera арнасының сәрсенбі күні хабарлауынша, сионистік режим Газа соғысы аясында бірнеше майданда қақтығыстар жүргізіп жатқан шақта Израиль қоғамында ішкі қайшылықтар күннен-күнге күшейіп келеді. Ал кешеден бері басып алынған жерлердің әртүрлі аймақтары сионистер арасындағы шиеленіскен ішкі қақтығыстар сахнасына айналды.

Оқиға былай басталды: Халықаралық ақпарат құралдарының қысымы нәтижесінде Израиль полициясы кеше палестиналық тұтқынның ауыр азапталуына қатысты тергеудің басталғанын хабарлады. Осыдан кейін ондаған оңшыл демонстрант, оның ішінде бетперде киген сарбаздар басып алынған Палестинаның орталығында орналасқан Бейт-Лид қаласындағы әскери сотқа шабуыл жасады. Сөйтіп Бейт-Лид базасында үлкен хаос болды. Осы шабуылдан кейін тұтқындарға жыныстық зорлық жасады деген күдікке ілінген полиция күштері мен сионистік армияның резервтік бөлімшесінің мүшелері арасында қатты қақтығыс болды.

Бейт-Лид қалашығындағы тәртіпсіздік/ 3 батальон Газаның орнына Нетаньяға шабуыл жасады!

Ирвит дереккөздері палестиналық тұтқындарды азаптаған сарбаздарды қолдау мақсатында жасалған әсірешіл қалашық тұрғындарының шабуылынан кейін Бейт-Лид сионистік қалашығында қауіпсіздік жағдайының шиеленіскенін хабарлады.

Ливанның ән-Нәшре ақпарат сайтының сейсенбі күні ифрит ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлауынша, мыңдаған әсіре оңшыл сионист Газада палестиналық тұтқындарды азаптаған сарбаздардан жауап алуға наразылық білдіріп, Нетанья қаласына іргелес жатқан Бейт-Лид қаласындағы әскери сотқа шабуыл жасады.

Израиль армиясы радиосының хабарлауынша, 1200-дей шеруші Бейт-Лид қалашығына жетіп, ондаған адам оған шабуыл жасады. Осы наразылықтардан кейін сионистік режим армиясы Иордан өзенінің батыс жағалауынан өз күштерін және Газаға жіберілуі тиіс үш батальонын Нетанья қаласы маңындағы Бейт-Лид лагеріне жіберді.

Сионистік режимнің армиясы мен полициясы арасында алшақтық арта түсті

Ән-Нәшре сайтының хабарлауынша, сионистік режимнің Солшыл жұмысшылар партиясының төрағасы Яир Голан кешегі Бейт-Лидке шабуылға қатысқан Кнессеттің (сионистік режим парламенті) мүшелерін түрмеге қамауды талап етті.

Яир Голан сондай-ақ сионистік режим Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуды армия ішінде қарулы содырларды құрды деп айыптады.

Басқа жағынан сионистік режимге қарсы оппозиционердің басшысы Яир Лапид осы бейберекеттікке реакциясында: "Біз бүгін жардың шетінде емес, жардың түбінде жатырмыз. Бұл болып жатқан жағдайдың Израиль үшін елеулі экзистенциалды қауіп екенін көрсетеді. Бүгінде бәрі қызыл сызықтан асып кетті",-деп мәлімдеді.

Сионистік ақпарат құралдары: Азаматтық соғысқа бір қадам қалды/ Құлдырауға қатысты алаңдаушылықт артты

Mehr ақпарат агенттігінің хабарлауынша, "Маарив" газеті сәрсенбі күні: "Израиль хаос шегінде емес, хаостың ішінде. Ал ондаған және жүздеген израильдіктің әскери базаға кіруге талпынғаны түсірілген видеолар – сионистік қоғамның бөлінуінің белгісі",-деп жазды.

"Маарив" газетінің айтуынша, Нетаньяху толық жеңіске бір қадам қалды деп уәде берді, бірақ кеше азамат соғысына бір қадам қалғанымызды күтпеген жерден аңғардық. Соғыс сценарийлерінің ауыр зардаптары туралы алаңдаушылықтың артуы Израильдің биржасына әсер етеді. Соңғы күндері биржаларда акциялар құнының күрт төмендегенін байқадық.

Сионистік ақпарат құралдары сондай-ақ: "Басып алынған жерлердегі қауіпсіздік шиеленісінен кейін ірі әуе компаниялары Израильге рейстерін тоқтатты. Басқа халықаралық компаниялар да бұл шешімді қабылдау алдында тұр",-деп хабарлады.

Шәһид Хания шәһид болғаннан кейін сионистік режимнің әуе кеңістігі жабылды

Mehr ақпарат агенттігінің сәрсенбі күні сионистік режимнің ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлауынша, сионистік режим ХАМАС саяси кеңсесінің басшысы Исмаил Ханияны шәһид еткеннен кейін қарсыласу күштерінің зымыран және ұшқышсыз ұшақ шабуылдарынан қорқып, әуе кеңістігін жауып тастады.

Сионистік режимнің ақпарат құралдары осы режимнің басып алынған жерлердің әуе кеңістігін жабуды ауқымды зымырандық және ұшқышсыз ұшақтар шабуылдарына алаңдаудың нәтижесі деп атады.

Ислам революциясының Сақшылар корпусы баспасөз қызметінің сейсенбі күні кешке жариялаған мәлімдемесінде: "Доктор Исмаил Хания мен оның бір оққағары Теһрандағы резиденцияға жасалған шабуыл салдарынан шәһид болды",-деп хабарлады.

Сионистік сарапшылар: Бүгін тұтқындардың отбасылары үшін ауыр күн

Tasnim ақпарат агенттігінің сәрсенбі күні хабарлауынша, сионистік сарапшылар ХАМАС саяси кеңсесінің басшысына жасалған лаңкестік әрекеттің салдарына алаңдаушылық білдіріп: "Бүгін израильдік тұтқындардың отбасылары үшін өте ауыр күн",-деп мәлімдеді.

CNN арнасы сионистік сарапшыларға сілтеме жасап хабарлауынша, Ханияның өлтірілуі тұтқын алмасу келіссөздері үдерісіне кері әсерін тигізеді.  

Сионистік режимнің Исмаил Ханияның өліміне қатысты біртүрлі үнсіздігі!

Tabnak сайтының сәрсенбі күні хабарлауынша, Иранда ХАМАС саяси кеңсесінің басшысы Исмаил Ханияның шәһид болғаны жарияланғаннан кейін сионистік режимнің армиясы CNN арнасына: "Бұған қатысты шетелдік БАҚ-тың хабарларына жауап бермейміз",-деді.

Сионистер Хизболланың Бейрут шабуылына ықтималды жауабынан қорқады  

IRNA ақпарат агенттігінің сейсенбі күні кешке хабарлауынша, басып алынған жерлердегі хаостың күшеюімен қоса, сионистік ақпарат құралдары Хизболланың Бейрут шабуылына ықтималды жауабынан алаңдаған сионистік режим армиясының құрлықта, әуеде және теңізде "дайын бол" жағдайына көшкенін хабарлады.  

Осы мәлімет бойынша, Бейруттың оңтүстік ауданына сейсенбі күні кешке жасалған шабуылға Хизболланың қарымта жауап беру ықтималына байланысты сионистердің бойын қорқыныш пен алаңдаушылық толқыны жайлады.

Осыған орай иврит тілді дереккөздері: "Басып алынған Палестинаның орталығындағы "Гушдан" ауданында орналасқан қалашықтар Хизболланың қарымта шабуылынан қорқып, қауіпсіздік бункерлерін қайта ашты",-деп хабарлады.

Ақпарат құралдары сейсенбі күні кешке сионистік режимнің Бейруттің оңтүстігіне әуеден шабуыл жасағанын хабарлады. Осы шабуыл салдарынан кемінде 4 адамның шәһид болып, 70-тен астам адам жарақат алды.     

 

Тегтер