АҚШ "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасына қатысты қарама-қайшы пікір білдіруде
https://itolqyn.com/news/world-i11212
"Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы деп аталатын ядролық келісімге бір жыл толғанда АҚШ-тан қарама-қайшы дауыстар естілуде.
(last modified 2025-01-08T10:35:21+00:00 )
Шіл 15, 2016 15:48 Asia/Almaty
  • АҚШ

"Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы деп аталатын ядролық келісімге бір жыл толғанда АҚШ-тан қарама-қайшы дауыстар естілуде.

АҚШ Президентінің Иранмен ядролық келісімді мадақтауымен бір мезгілде АҚШ Конгресі Иранға қарсы жаңа қаулылар қабылдады. АҚШ Президенті Барак Обама ядролық келісімді дипломатияның жеңісі деп атады, ал осы елдің Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Вашингтонның осы келісімге қатысты міндеттемелері жайында сөз сөйледі. Бұған қарамастан, АҚШ республикашылдарының бақылауындағы Конгресс "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасына бір жыл толатын 14 шілденің қарсаңында Иранға қарсы екі қаулы қабылдады. Қаулылардың бірі бойынша Иранға Boeing жолаушы тасымалдаушы ұшақтарын сатуға, ал екіншісі бойынша Иранның АҚШ-қа ауыр су сатуына тыйым салынады. Бұл жолдаулар мен қарама-қайшы әрекеттер ядролық келісімнен 1 жыл өтсе де, АҚШ мемлекеттік қайраткерлерінің ИИР-мен әріптестік тәсіліне қатысты әлі де екіге бөлініп отырғанын көрсетеді.

Бұл қарама-қайшы әрекеттердің бір бөлігі әсіресе президенттік сайлау өтетін жылы АҚШ-тың ішіндегі саяси бәсекелестіктен туындап отыр. Республикашылдар 8 жылдан кейін Ақ Үйге қайтып оралу үшін Барак Обаманың демократ үкіметінің жетістігі деп саналатын кез-келген нәрсені түйткілге айналдыруда. Республикашылдар өткен екі жылдың ішінде келісімге жету жолында тосқауыл қоюға, содан соң АҚШ үкіметінің Иранға қатыссты міндеттемелерін орындауына кедергі келтіру үшін ешбір шарадан бас тартпады. Осы талпыныстардың кейбіреулері Иран үкіметі мен АҚШ үкіметі қайраткерлері тарапынан кесімді ұстаным қабылдануының арқасында нәтиже бермеді. Басқа бір жағдайларда, соның ішінде әлемнің кейбір елдері азаматтарының Иранға сапарына кедергі келтіру және АҚШ Конгресінде республикашыл-израильдік альянс құру сәтті болды. Көптеген жағдайлар АҚШ үкіметінің өткеннен аздап айырмашылығы бар кейбір сөздерінің болғанына қарамастан, "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының рухына қайшы әрекет жасағанын көрсетеді. Соның ішінде АҚШ-тың Қаржы министрлігінің қайраткерлері АҚШ-тың Иранға қарсы алғашқы санкцияларын жалғастыру қажеттігін қуаттауы арқылы халықаралық банк жүйесінің Иранмен әріптестік жасаудан үркуіне әкеліп соқтырды. Басқа мысал, олар ядролық келісімнің жетістіктерін мадақтаумен қоса, Иранды әлемнің қауіпсіздігіне қатер төндіруші, адам құқығын бұзушы және лаңкестікті демеуші деп көрсеткісі келеді.

АҚШ-тың қарама-қайшы әрекеттері Иранда екі елдің арасындағы сенімсіздік дуалының одан ары биіктей түсуіне себеп болды. Қазірден бастап АҚШ-тың келесі үкіметінің осы елдің "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы аясындағы міндеттемелеріне беріктікті сақтап қалуда қаншалықты байсалды боларына күдік-күмән туындап жатыр. Қалай болғанда да, АҚШ-тың қазіргі үкіметінің жоғары лауазымды тұлғаларының "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын мадақтауға бағытталған сөздері өздігінен әлемнің ең маңызды ядролық келісімдерінің бірін орындауға көмектесе алмайды. Бұл үшін АҚШ-тың атқарушы және заң шығарушы органдарындағы қайраткерлері Иранмен ядролық келісімді сақтауы қажет. Сонда ғана өткен жылы басталған жол алдағы жылдары ашық қалады. Кері жағдайда келісуші тараптардың бірі ретіндегі Иранның Обама «дипломатиялық жеңіс» деп атаған нәрсеге берік болып қалатынын күту қисынсыз.