АҚШ бастаған коалицияның шабуылында жүзден астам сириялық қаза тапты
АҚШ бастаған халықаралық антитеррорлық коалицияның Сирияның солтүстігіндегі Алеппо облысында жасаған шабуылында жүзден астам сириялық қаза тапты.
«Sky News» ақпарат арнасының сейсенбі күнгі хабарлары бойынша, халықаралық коалицияның бейбіт тұрғындарды қалқан ретінде пайдаланатын ДАИШ лаңкестік тобының қол астындағы Алеппо облысының Манбидж стратегиялық қаласының маңындағы Тохар ауылына жасаған әуе шабуылында 117 бейбіт тұрғын қаза тауып, көптеген адам жараланды. Мәліметтер бойынша, Манбидж қаласында Сирияның күрд демократ күштері мен ДАИШ лаңкестері арасындағы қақтығыстар жүріп жатыр.
Ракка қаласы мен Сирия-Түркия шекарасының арасында орналасқан Манбидж қаласы – стратегиялық маңызға ие аудан. Бұл жер арқылы Сириядағы ДАИШ лаңкестік тобына қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік пен жаңа күш жөнелтіледі. Манбидж 2014 жылдан бері ДАИШ лаңкестік тобының бақылауында.