Германияның «Жасыл» партиясы Сауд Арабиясының әлемдік терроризмнің ошағы ретіндегі рөлін қуаттады
(last modified Mon, 25 Jul 2016 11:52:39 GMT )
Шіл 25, 2016 17:52 Asia/Almaty
  • Германияның «Жасыл» партиясы Сауд Арабиясының әлемдік терроризмнің ошағы ретіндегі рөлін қуаттады

Германияның «Жасыл» партиясының басшысы Сэм Оздемир Сауд Арабиясын әлемдік терроризмнің ошағы деп атап, Батыстан бұл елмен қарым-қатынасын қайта қарауын талап етті. Оның айтуынша, бұл мәселенің тамыры Сауд Арабиясының ваххабизмінде жатыр.

Оздемир: «ДАИШ, әл-Каида немесе Боко Харам болсын бәрібір, осы фундаменталистік ағымдардың барлығының идеологиялық орталығы әлемде Сауд Арабиясының қолдауына ие болып отырған ваххабизм болып табылады»,-деді. Оның айтуынша, Сауд Арабиясындағы исламдық тәлімдердің 90 пайызы ДАИШ-тың лаңкестік тәлімдерімен бірдей. Оздемир Германия үкіметі мен басқа да Батыс елдерінен Сауд Арабиясымен қарым-қатынастарын қайта қарауды сұрады.

Германияның маңызды партияларының бірі, яғни «Жасыл» партиясы басшысының Сауд Арабиясының терроризмнің әлемге таралуындағы бұлтартпайтын рөлін мойындауы мына мәселені көрсетеді: батыстықтардың өздері эр-Риядтың ДАИШ сияқты лаңкестік-тәкфирлік топтарға идеологиялық, қаржылай, гуманитарлық және қару-жарақтық тұрғыдан қолдау көрсетіп отырғанынан жақсы хабардар. Шын мәнінде эр-Риядтың қайраткерлері осы топтарды құрып, нығайту арқылы оларды Таяу Шығыс аймағындағы, әсіресе Сирия, Ирак, Ливан елдеріндегі өздерінің мақсаттарына жету үшін құрал ретінде пайдалануға тырысты. Саудиялықтар өздерінің батыстық және араб серіктестерімен бірге ваххабилер мен тәкфиршілдерді құрал ретінде пайдалану және лаңкестерді жақсы-жаман деп бөлу арқылы тәкфиршілдерді максималды түрде пайдаланды. Сириядағы ауқымды азамат соғысы барысында саудиялықтар өзінің араб және батыстық серіктестерімен бірге Сирия үкіметін құлату стратегиясын алға қойып, осы жолда көптеген шаралар атқарды. Бұл шаралар қаржылай, логистикалық, ақпараттық және қару-жарақтық қолдаудан бастап қарсылас топтарды, әсіресе тәкфиршілдерді дайындықтан өткізу және оларға қаржылай көмек көрсетуді қамтыды. Бүгінде АҚШ-тың араб одақтастары, әсіресе Сауд Арабиясы мен Катар ДАИШ лаңкестік-тәкфирлік тобы, исламдық майдан мен әл-Каидағы бағынышты «ән-Носрат» майданына жан-жақты қолдау міндетін өз мойындарына алған. Осы мәселе АҚШ, ДАИШ-ке  қарсы халықаралық коалиция мен Сауд Арабиясының ДАИШ-пен күрестегі шыншылдығына күмән тууына себеп болды. ДАИШ сияқты лаңкестік-тәкфирлік топтар Сауд Арабиясы мен оның араб одақтастары, АҚШ пен оның НАТО-дағы одақтастары, әсіресе Ұлыбритания мен Францияның талпыныстарының арқасында құрылып, таралды. Осы мәселені ескерген соң мынадай сауал туындайды: Германияның «Жасыл» партиясы басшысының  Батыс елдерінен Сауд Арабиясымен қарым-қатынастарын қайта қарауды сұрауы реалистік сипатқа ие ме? Батыс елдерінің басшылары эр-Рияд пен лаңкестік-тәкфирлік топтардың байланысынан хабарсыз ба? Бұл сұрақтардың жауабы теріс. Батыстықтар терроризм мәселесіне пайда көру тұрғысынан қарайтындықтан, бұл құбылысты өз пайдасы үшін қолдануға жағдай туындаса, кідіріп қалмайды. Бұл мәселе, әсіресе Сирияға қатысты дәлелденген. Сирия ДАИШ пен «ән-Носрат» майданы сияқты қатігез лаңкестік топтар үшін экстремистік ойларын жүзеге асыратын жерге айналды. Батыстықтар мен олардың араб одақтастары тәкфирлік лаңкестікпен күресудің орнына өздері көздеген мақсаттарды ілгерілету үшін осы топтар мен басқа да ондаған лаңкестік топқа қолдау көрсетті. Соның салдарынан бұл топтар айтарлықтай күшке ие болып, осыған дейін мүмкін болмаған әрекеттерді жасады. Тәкфиршілдік пен одан туындайтын терроризммен күрес жолындағы алғашқы шынайы қадам әлемнің барлық елдерінің осы құбылысты қатер санап, онымен күресу үшін жұмыла іс атқаруы бола алады.