Орта Азияда қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықтар көбейді
Соңғы күндері Орта Азия елдері басшыларының қатынасы мен олардың қауіпсіздікке қатысты шешімдері олардың осы аймақ елдерінде әрекет ететін лаңкестік-тәкфирлік және экстремистік топтар тудырып отырған тынышсыздықтар мен бейберекеттіктерге алаңдайтынын көрсетеді.
Бұл бейберекеттіктер бүгінде Исламның атын жамылған діни топтардың бірқатарына телініп отыр. Осы алаңдаушылықтардың бір бөлігі Ауғанстан сияқты елдердегі лаңкестік-тәкфирлік топтар, әл-Каида мен Талибанға қатысты болса, ал басқа бір бөлігінің түп-тамыры Орта Азия елдеріндегі тәкфирлік топтарды демейтін елдердің ашық та жасырын әрекеттерінде жатыр.
Қалыптасқан қауіпті жағдаймен күресуге қатысты аймақтық реакцияларда Өзбекстанның Қауіпсіздік кеңесі осы елдің Президентінің қатысуымен лаңкестікпен күресудің әртүрлі жолдарын талқылады.
Өзбекстан Президенті сәрсенбі, 27 шілде күні өткен осы елдің Қауіпсіздік кеңесінің отырысында лаңкестік және экстремизммен күрес мәселесін талқылап, аймақ елдерімен әріптестікті кеңейту қажеттігін айтты. Бұл отырыс Өзбекстанның мемлекеттік және қауіпсіздік органдарының әртүрлі бөлім басшылары және соларға қарасты ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен өтті. Онда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, елдің оңтүстігіндегі шекараларда, әсіресе Ауғанстанмен шекарада жауластық пен қоқан-лоққыларды жоюға қатысты мәселелер талқыланып, пікір алмасылды. Лаңкестік және экстремизммен күресте көршілес елдермен ынтымақтастықтарды нығайтып, аймақтық әріптестіктерді арттыру осы отырыстың басты тақырыбы болды.
Ауғанстанда қауіпсіздік жағдай ушыққаннан кейін Орта Азия елдерінің қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылығының артқаны күмәнсіз. Осы елдердің басшылары өздерінің мүмкіндіктері мен күш-қабілеттеріне сәйкес Ауғанстан дағдарысының өз елдеріне таралуының алдын алуды мақсат тұтып, қауіпсіздік шараларын арттырды. Талибан өзінің стратегиясын өзгертіп, ауылдарға шабуылдардан үлкен қалаларға шабуылды бастағаннан кейін қалыптасқан жағдайда ДАИШ лаңкестік тобының Ауғанстанда белсенділік таныта бастағаны туралы ақпараттар жариялануда.
Осы арада Ауғанстан үкіметінің Талибан пен ДАИШ-ті ауыздықтауға қабілетсіздігі Орта Азия елдері басшыларын одан ары алаңдатып отыр.
Егер бұған кейбір лаңкестік-тәкфирлік топтардың Орта Азия елдерінде әрекет ете бастағанын көрсетуге талпынысын қоссақ, сол кезде алаңдаушылықтардың шынайы себебі мен Орта Азия елдерінде қауіпсіздік кеңестері мен қорғаныстық және қауіпсіздік жаттығуларының ауқымды түрде өткізілу себебін түсінуге болады.
Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті сайтының бұзылуы, Қазақстандағы әртүрлі тынышсыздықтар және осы елдің мұсылмандары діни басқармасының Қазақстанда экстремизмнің таралуына қатысы барлығы туралы мәселе – осының барлығы экстремистік топтардың белсенділіктерінің бір бөлігі болып табылып, Орта Азия елдері басшыларының аймақта қалыптасқан қауіпті жағдайға алаңдауының себебі болып отыр. Қырғызстан үкіметі осы күнге дейін реакцияшыл топтардың қоқан-лоққыларына ұшыраған Орта Азия елдерінің бірі. Бұл туралы Қазақстанның бір телеарнасының бұрынғы басшысының сөзіне сілтеме жасауға болады. Ол бұл елдің үкіметі мен діни басқармасын ел азаматтарының экстремизмге бой алдыруының басты екі факторы деп атады.
Арман Шораев бір мақаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын қазақ азаматтарының экстремизмге бой алдыруының басты себепкерлерінің бірі деп атады. Шораев сонымен қатар Астана үкіметінің халықтың әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатын жақсартуға және жұмыспен қамтамасыз етуге қауқарсыздығын Қазақстан қоғамында экстремистік ойлардың тарап, наразылықтардың туындауының себебі деп атады.
Қазақстанның бір телеарнасының бұрынғы басшысы қазақ жастарының экстремизмге бет бұру себептерінің бірін тек осы елдегі мешіттердің имамдары мен мүфтилер басқармасынан ғана емес, елдегі мүфтият жүйесінде жемқорлықтың таралуынан деп есептейді. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері діни басқарма халықтың шынайы сенімі мен иманына оң әсер ете алмады. Сондықтан қоғамның дін уағыздаушыларынан көңілі қалған.
Бұл жағдай Орта Азияның басқа елдерінде де қайталанып отыр. Сондықтан Орта Азия елдеріндегі үкіметтердің тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар барысында қабылдаған шешімдерінің жиынтығы іс жүзінде аймақта экстремизмнің тууына қажетті жағдай жасады. Бұл жағдай қазір аймақ елдерінің басшыларын амал-шара іздеп, осындай идеологиялық ағымдарға қарсы жазалау тәсілін қолдануға мәжбүрлеп отыр.