Иран, Ресей мен Әзірбайжан Республикасы басшыларының үшжақты отырысы: стратегиялық мақсаттарға шолу
ИИР Президенті Хасан Руханидің Бакуге сапары бүгін, дүйсенбі күні өтетін Иран, Ресей мен Әзірбайжан Республикасы басшыларының үшжақты отырысымен бірге аймақтың көпжақты қарым-қатынасындағы бетбұрыс нүктесіне айналады.
Иран, Ресей мен Әзірбайжан Республикасы басшыларының үшжақты отырысы өз түрі бойынша алғашқы отырыс болып табылады. Ол Каспий теңізі мен Кавказ аймағында стратегиялық қарым-қатынасты дамыту көзқарасы тұрғысынан стратегиялық маңыздылыққа ие.
Осы отырыстың күн тәртібіне қойылған тақырыптар жалпы алғанда экономикалық ынтымақтастықтар мен «Солтүстік-оңтүстік» дәлізін дамытуды талқылауға қатысты болады.
«Солтүстік-оңтүстік» халықаралық тасымал дәлізі туралы келісімге қол қойылғаннан бері он жылдан асты. 2000 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Иран, Үндістан мен Ресейдің Көлік және коммуникация министрлері қол қойған бұл келісім бойынша «Солтүстік-оңтүстік» деп аталатын дәліз дүниеге келді.
Бұл дәліз Еуропаның солтүстігі мен Ресейдің Иран мен Каспий теңізі арқылы Үнді мұхиты, Парсы шығанағы және Азияның оңтүстігіндегі елдермен транзиттік қатынасын қамтамасыз етеді.
Иран, Ресей мен Әзірбайжан Республикасы бүгінде «Солтүстік-оңтүстік» халықаралық тасымал дәлізіне жылдамдық беруді көздеп отыр. Мұны орындағаннан кейін Каспий теңізінің батыс бөлігі Әзірбайжан Республикасы арқылы Иранға жалғанады. Бұл жоба кеме тасымалының уақытын үштен бірге, ал шығындарды 20 пайызға азайтады.
Иран мен Әзірбайжан Республикасы осы салаға 50/50 түрде инвестиция салуға келісті. Бұл әріптестік «Солтүстік-оңтүстік» халықаралық тасымал дәлізін толықтыруда әсерлі рөл атқаратын болады. Әсіресе Қазвин-Рәшт-Астара темір жол желісі аяқталып, оның Әзірбайжан Республикасы темір жолына қосылғанынан кейін толық темір жол жүйесі қалыптасады.
Қауіпсіздік пен тұрақтылық, Иранның экономикалық нарығы және Оман теңізі мен Парсы шығанағындағы халықаралық азат суларға қолжетімділік Иранның аймақтағы транзиттік жолдардың негізгі орталығына айналуына қолайлы жағдай тудырған артықшылықтар болып табылады.
Үшжақты келісімдер бұдан бұрын Иран, Түркіменстан мен Қазақстан арасында Каспий теңізінің шығысындағы темір жолды дамыту үшін, сондай-ақ, Иран, Үндістан мен Ауғанстан арасында Чабаһар айлағын дамыту мақсатында жасалды. Бүгінде Иран, Ресей мен Әзірбайжан Республикасының «Солтүстік-оңтүстік» халықаралық тасымал дәлізін дамытуға бағытталған үшжақты әріптестігі аймақта көпжақты экономикалық интеграция нығайту үшін жасалып жатқан жаңа қадам болып табылады.
Осы тұрғыдан Иран Президентінің Бакуге сапары және Иран, Ресей мен Әзірбайжан Республикасы басшыларының үшжақты отырысы аймақтағы ірі транзиттік жобаларды ілгерілетумен қатар, қоршаған ортаны қорғау, лаңкестік және сын-қатерлермен күресу сияқты басқа мәселелерде көпжақты экономикалық интеграцияны нығайтуда да әсерлі бола алатын тарихи мұрсат болып отыр. Иран Президенті осы сапарда Ресей Президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесу өткізіп, Теһран-Мәскеу ынтымақтастығы мен екі елді қызықтыратын мәселелер жөнінде сұхбаттасатын болады.
Иран Президентінің айтуынша, он бірінші үкімет «ұтыс-ұтыс» саясатын тек ядролық келіссөздерде ғана емес, басқа елдермен қарым-қатынаста да қолданады. Рухани кеше Бакуде: «Он бірінші үкімет Иранмен жауласуды қалайтын елдерден басқа әлемнің барлық елдерімен жақсы қарым-қатынас орнатқысы келеді. Жақсы қатынас аймақ елдерінің қауіпсіздігі, тұрақтылығы мен дамуына пайдалы»,-деді.