Пәкістанда лаңкестікке қарсы амалдар жалғасады
Пәкістанның Белуджистан штатының орталығы Кветта қаласындағы бір ауруханаға жасалған лаңкестік шабуылдан кейін осы елдің Құрлық күштерінің қолбасшысы генерал Рахиль Шариф барлық қауіпсіздік және барлау қызметтеріне тез арада Пәкістанның түкпір-түкпіріндегі лаңкестерге қарсы арнайы амалдар жүргізуге бұйрық берді.
Пәкістан армиясының қоғамдық қатынастар бөлімі бір мәлімдемеде: «Генерал Рахиль Шариф осы жаңа нұсқауды Кветтада елдің қауіпсіздік жағдайын талқылау отырысында жариялады»,-деп хабарлады.
Пәкістан армиясы Құрлық күштерінің қолбасшысы генерал Рахиль Шариф Кветтадағы соңғы лаңкестік шабуылдың мақсатын Белуджистан штатында тұрақсыздық пен тынышсыздық орнату деп атады.
Ол тайпалық аудандарда жүргізілген «Жойқын соққы» амалдарына тоқталып: «Лаңкестер тайпалық аудандар мен Хайбер-Пахтунхва штатында жеңіліс тапты. Сол себепті олар Белуджистанда лаңкестік әрекеттер жасау арқылы Пәкістан үкіметінен кек алуды көздеуде»,-деп хабарлады.
Соңғы жылдары Пәкістан үкіметінің лаңкестермен мәселесі көбейе түсті. «Талибан қозғалысы» лаңкестік тобының пайда болуы мен қалаларда қақтығыстардың басталуы Пәкістанның қауіпсіздік жағдайын бұрынғыдан да көбірек ушықтырып отыр. Осындай жағдайда ДАИШ немесе сол топқа қарасты лаңкестік топтардың Кветтада болған лаңкестік жарылысқа жауапкершілікті мойындарына алуы Пәкістанның қауіпсіздік саласындағы түйткілдерін көбейтеді. Осы елдің қайраткерлері әрдайым «Пәкістанда ДАИШ жоқ» деп мәлімдеп келген болатын. Кветтадағы ауруханада болған лаңкестік жарылысқа жауапкершілікті ДАИШ-тың өз мойнына алуы расталса, Исламабад үкіметінің қауіпсіздік саласындағы түйткілдері мен қиындықтары одан ары күшейе түседі деп айтуға болады. Пәкістан армиясы Құрлық күштерінің қолбасшысы генерал Рахиль Шарифтің лаңкестікке қарсы амалдарды тезірек бастауға бұйрық беруі оның да Пәкістанда лаңкестік топтардың белсенділігіне алаңдап отырғанын көрсетеді. Осы уақытқа дейін Пәкістанда «Лашкар-е Джангви» мен «Сепах-е Сахаба» сияқты лаңкестік және секталық топтар әрекет ететін, алайда енді басқа да лаңкестік топтар пайда болған соң Пәкістанның армиясы мен қауіпсіздік күштері халықтың үмітін ақтау жолында бұрынғыдан да көп қиындық пен түйткілмен бетпе-бет келіп отыр. Пәкістандағы саяси сарапшылардың пікірінше, осы елдің үкіметі мен қауіпсіздік және сот органдары лаңкестерге кесімді түрде қатынас көрсеткенде, бүгінде бұл топтар көбейіп, Пәкістанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп, халықты өлтіру мүмкіндігіне ие болмас еді.
Соңғы айларда Пәкістан армиясының лаңкестік топтармен қатынас тәсіліне қарсы ауқымды наразылықтар өтіп, үкіметтегі кейбір қайраткерлер лаңкестік топтармен екіұшты қатынас жасап отыр деп айыпталды. Исламабад үкіметі бұл айыптарды теріске шығарса да, Пәкістан халқы үнемі мынадай маңызды сауал қояды: өзін ядролық қаруы бар үнді бәсекелесіне қарсы тұруға дайындаған Пәкістан армиясының елдегі лаңкестік топтарды жоюға қалайша қауқары жетпейді? Бұл сауал Пәкістан армиясы Құрлық күштерінің қолбасшысын тығырыққа тіреді. Өйткені Пәкістан армиясы осы елдің қоғамында жақсы позицияға ие, сондықтан лаңкестік топтардың оның алдында күш-қуат көрсетуі Пәкістан армиясы қолбасшыларына жақпайтыны анық.
Қалай болғанда да Пәкістанның саяси және әскери қайраткерлері әрбір лаңкестік әрекеттен кейін оны айыптап, лаңкестермен күресу қажеттігін айтқанымен осындай шабуылдардың жалғасуы елдің ұлттық бірлігіне қауіп төндіріп қана қоймай, армия мен биліктегі «Мұсылман лигасы» партиясының позициясын да қатерге ұшыратады.