Венесуэла мен Иран Сыртқы істер министрлері Теһранда кездесті
Венесуэла Сыртқы істер министрі Теһранда Иран Сыртқы істер министрімен кездесіп, әртүрлі тақырыптар жөнінде сұхбаттасты.
ИИР СІМ-нің ақпараттық дипломатия департаментінің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф дүйсенбі күні Теһранда Венесуэла Сыртқы істер министрі Делси Родригеспен кездесуінде Иран мен Латын Америкасы елдерімен, соның ішінде Венесуэламен қарым-қатынасты кеңейтіп, дамыту қажеттігін айтты.
Иран Сыртқы істер министрі өзінің келесі аптада Латын Америкасы елдеріне, соның ішінде Венесуэлаға сапармен баратындығына тоқталып: «Бұл сапарға мемлекеттік қайраткерлер мен жеке сектор өкілдерінен тұратын жоғары деңгейлі үлкен экономикалық делегацияны бастап барамын»,-деді.
Зариф, сонымен қатар, Қосылмау қозғалысына төрағалықтың Венесуэлаға ауысқанына тоқталып: «Иран осы қозғалыстың маңызды мүшелерінің бірі әрі бұрынғы төрағасы ретінде Қосылмау қозғалысы саммиттерінің Венесуэлада жақсы өтуі үшін кез-келген көмек беруге дайын»,-деп баса айтты.
Венесуэла Сыртқы істер министрі Делси Родригес те Теһранға келгеніне қуаныш білдіріп, Иран Сыртқы істер министрінің келесі аптада Венесуэлаға жасайтын сапарын қолдап, барлық салалар бойынша екі елдің қарым-қатынасын дамытуды қалайтынын мәлімдеді.