АҚШ ядролық қаруларын жаңартуға орасан қаржы жұмсайды
(last modified Thu, 18 Aug 2016 10:34:13 GMT )
Там 18, 2016 16:34 Asia/Almaty
  • АҚШ ядролық қаруларын жаңартуға орасан қаржы жұмсайды

АҚШ-тың «Стратегиялық және бюджеттік бағалаулар орталығы» деп аталатын зерттеу институты бір есебінде: «АҚШ-тың ядролық қаруларын жаңарту бағдарламасы – бюджет тұрғысынан осы ел Қорғаныс министрлігін қару-жарақпен қамтамасыз ететін ең шығынды 25 бағдарламалардың бірі»,-деп хабарлады.

Осы есепте «Огайо» классындағы сүңгуір қайықтарды алмастыру бағдарламасы, «В-21» стратегиялық бомбалаушы ұшақтарды дамыту, сүңгуір қайықтан атылатын «Трайдент-2» баллистикалық зымыранын алмастыру бағдарламасы, «Құрлықта орналастырылған стратегиялық тежеуші» зымыран бағдарламасы АҚШ Қорғаныс министрлігінің келешекте ең көп қаражат жұмсайтын қару-жарақпен қамтамасыз ету бағдарламалары деп аталды. Алдағы 30 жылда АҚШ-тың құрлық, әуе және теңіз күштерінің тежеуші ядролық қаруларын жаңарту үшін  1 трлн доллар жұмсалады.

Ядролық арсеналдарды азайтуға бағытталған халықаралық шаралардың атқарылып жатқанына, әсіресе ядролық қаруларды азайту және артынан жоюға бағытталған NPT хаттамасына қарамастан,  АҚШ өзінің ядролық арсеналын сақтап қалуға бел байлап отыр. АҚШ Конгресінің Бюджет кеңсесі осыдан бұрынырақ есептегендей, 2023 жылға дейін ядролық арсеналды жаңарту бағдарламасын орындауға 355 млрд доллар қаржы кетеді. Бұл сома тек ядролық жаңартуды бастау кезеңіне ғана қатысты. Алдағы 20 жылда АҚШ-тың ядролық күштерінің жаңартылған үштігін қолдану үшін 1 трлн доллар қаржы жұмсалады деп күтілуде. Бұл мәселе көптеген америкалық зиялының наразылығын тудырды. Соның ішінде 2016 жылдың мамыр айының аяғында АҚШ-тың 70-тен астам зиялысы мен азаматтық белсендісі ел Президенті Барак Обамаға хат жазып, одан елдің ядролық арсеналын  азайтуға байсалды түрде талпыныс жасауды сұрады. Олар Обамадан 2009 жылы ядролық қарудан ада әлем қалыптастыру деген уәдесін орындауды сұрады. Осы талаптарға қарамастан АҚШ үкіметі бұрынғыдай ядролық қаруларды жаңарту және жақсарту саласындағы өзінің ауқымды бағдарламаларын жалғастырып жатыр. Бұл шара бәсекелес елдерде немесе АҚШ-қа жау Ресей мен Қытайда ядролық қаруларды жаңарту үдерісі болып жатыр деген сылтаумен жасалады. Қытай мен Ресей өзінің стратегиялық ядролық күштерін жаңартуға айтарлық бюджет бөледі. АҚШ Ресеймен салыстырғанда ядролық күштерін жаңартуда өте ауқымды бағдарламаны орындауды көздеп отыр. АҚШ стратегтері: «Осы елдің ұлттық қауіпсіздігін сақтау үшін мықты да тежеуші  ядролық күштерге ие болу қажет, бұл Пентагонның ең маңызды артықшылығы»,-деп санайды. Халықаралық қауымдастықтың, әсіресе NPT хаттамасының ядролық арсеналды азайтуды талап ететіндігіне қарамастан, ірі ядролық алпауыттар әлі де өздерінің ядролық арсеналын жаңартуды көздейді. Ірі ядролық алпауыттар ретінде танылған 5 ел, яғни АҚШ, Ресей, Қытай, Франция мен Англия не жаңа ядролық зымыран ату жүйесі мен ядролық қаруларды жаңарту үстінде,  немесе осы шараны атқаруға бел байлап отыр. Шын мәнінде бұл елдердің ешқайсысы  өзінің ядролық арсеналын азайтуды немесе ядролық қаруларды жоюдың мерзімін белгілеуді мақсат тұтпайды.