Ресей Солтүстік Кореяның ядролық сынағына тағы да наразылық білдірді
(last modified Tue, 13 Sep 2016 16:16:00 GMT )
Қыр 13, 2016 22:16 Asia/Almaty
  • Ресей Солтүстік Кореяның ядролық сынағына тағы да наразылық білдірді

Ресей Мәскеудегі Солтүстік Кореяның елшісін шақыртып, осы елдің халықаралық заңдарды бұзатын шара ретіндегі ядролық сынақ жүргізуін сынады.

IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша,  Ресей СІМ сейсенбі күні өз мәлімдемесінде: «Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Игорь Моргулов Солтүстік Кореяның елшісі Ким Хен Чжунды шақыртып, Пхеньянның әскери-ядролық шараларының БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бұзып, Корея түбегінде текетірестің шиеленісуіне әкеліп соқтыратынын айтты»,-деп хабарлады.

Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары, сондай-ақ, Ким Хен Чжунды шақырту барысында ядролық мәселе мен Корея түбегінің басқа да мәселелерін шешу үшін келіссөздер үстеліне қайтып оралудың қиындықтарды шешудің мүмкін жалғыз жолы екенін жариялады.  

Ресей өткен жұма күні де Солтүстік Корея тарапынан ядролық сынақ өткізілген соң: «Бұл елдің шарасы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бұзу болып табылады. Ол халықаралық заңдар мен критерийлерді және әлемдік қауымдастықтың талаптарын назарға алмастан атқарылды және ең қатаң айыптауларға лайық»,-деп мәлімдеген болатын.