АҚШ Парсы шығанағы елдеріне құны 33 млрд долларды құрайтын қару-жарақ сатты
(last modified Sun, 18 Sep 2016 11:24:16 GMT )
Қыр 18, 2016 17:24 Asia/Almaty
  • АҚШ Парсы шығанағы елдеріне құны 33 млрд долларды құрайтын қару-жарақ сатты

АҚШ үкіметі соңғы екі жылда Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің кейбір мүшелеріне құны 33 млрд долларды құрайтын қару-жарақ сатқан.

АҚШ-тың Парсы шығанағы аймағындағы саясаты құндылықтар мен мүдделер арасындағы қайшылықты көрсетеді. Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің барлығы АҚШ-тың одақтасы болып табылады. Олардың әрқайсысы АҚШ үшін ерекше маңызды.

Бахрейнде АҚШ-тың бесінші теңіз флотилиясының базасы орналасқан. Ал Катарда АҚШ-тың екі әуе базасы бар. Оманда АҚШ-тың 5 әскери базасы орналасқан. Олар Оманның 24 әскери орталығын пайдалану құқығына ие. АҚШ-тың 4 мыңға жуық сарбазы да осы елдің Кувейттегі базаларында орналасқан. АҚШ пен БАӘ-нің әскери келісіміне сәйкес АҚШ БАӘ-де теңіз базаларын ашуға құқылы. БАӘ АҚШ-тың Black Water компаниясымен де әскери әріптестік жасайды. Сауд әулетімен жасалған келісімге сәйкес АҚШ Сауд Арабиясының 66 базасын пайдалана алады. «Амир Сұлтан» әуе базасында АҚШ-тың U2 тыңшылық ұшақтары орналасқан.

Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің АҚШ-тың әскери базалары мен күштерін қабылдаудың басты себебіне осы елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жатады. Алайда бұл елдердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілгеннен бұрын АҚШ Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдермен әскери әріптестіктен табыс табады.

АҚШ-тың ең маңызды табыс көздерінің бірі – әртүрлі елдерге, әсіресе Парсы шығанағындағы араб елдеріне қару-жарақ сату. АҚШ 2014 жылы 23,7 млрд доллармен әлемге қару-жарақ экспорттайтын ең үлкен ел болды. Бұл әлемдегі қару-жарақ экспортының үштен бір бөлігін құрайды. АҚШ-тың қару-жарақ экспортынан түскен 23,7 млрд доллардың 8,4 млрд доллары 2014 жылы Азияның батыс аймағына, әсіресе Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдерге шығарылды.

Сауд Арабиясы 2014 жылы Үндістанды артта қалдырып, қару-жарақ импорттайтын ең үлкен елге айналды. 2014 жылы Сауд Арабиясы 6,4 млрд долларды қару-жарақ сатып алуға жұмсады. Бұл сома 2013 жылмен салыстырғанда 54 пайызға артқан. 2014 жылы Сауд Арабиясы мен БАӘ бірге 8,6 млрд долларға қару-жарақ импорттаған. Бұл көлем бүкіл Батыс Еуропа елдерінің қару-жарақ импортынан асып түседі. Бұл импорттың айтарлықтай бөлігі АҚШ-тан алынған.

АҚШ 2014 жылдан бүгінге дейін  Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдерге құны 33 млрд доллардан асатын қару-жарақ сатып, биылғы жылдың 14 қыркүйегінде Израильге әскери көмек келісімін жылына 3 млрд 100 млн доллардан 3 млрд 800 млн долларға ұлғайтты. АҚШ үкіметі  2018 жылдан бастап 10 жыл бойы Израильге 38 мдрд доллар көлемінде әскери көмек беруге міндет алды.

Басқаша айтқанда, АҚШ үкіметі Израильге беретін әскери көмектің басым бөлігін Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесіне мүше елдерге қару-жарақ сату арқылы қамтамасыз етеді.