Иран мен Түркия президенттері Нью-Йоркте кездесті
(last modified Wed, 21 Sep 2016 14:18:44 GMT )
Қыр 21, 2016 20:18 Asia/Almaty
  • Иран мен Түркия президенттері Нью-Йоркте кездесті

Иран мен Түркия президенттері аймақ дағдарыстарын шешу және Сирия мен Ирактағы лаңкестікпен күресуді қуаттады.

ИИР Президенті Хасан Рухани Түркия Президенті Реджеп Тайып Эрдоғанмен Нью-Йорктегі кездесуінде «Иран барлық кезеңдерде Түркиямен бірге болады. Теһран Анкара арасындағы көлік пен коммуникация, өнеркәсіп пен энергетика салаларындағы қарым-қатынастарын кеңейтуге дайын»,- деді.

ИИР Президенті Түркиядағы орын алған соңғы төңкеріске тоқталып: «Түркия халқының даусымен сайланған үкіметке қарсы төңкеріс пен тынышсыздықтар күйзелтетін жайт болды. Иран басынан бастап өзінің барлық мүмкіндігін Түркияда тұрақтылық пен қауіпсіздіктің орнатылуына қолданды»,- деді.

Рухани сонымен бірге лаңкестікті аймақтың барлық  елдеріне қарсы қоқан-лоққы деп атап, Иран мен Түркияның аймақтағы, әсіресе Сирия мен Ирактағы лаңкестікпен күресудегі рөлін маңызды деп бағалады.

Түркия Президенті де Иран халқы мен үкіметінің жуырдағы төңкеріс кезінде Түркияға қолдау көрсеткеніне алғыс айтып, Иранның келешекте де Түркияны қолдайтындығына үміт білдірді.

Иран Президенті Хасан Рухани сейсенбі күні  жергілікті уақыт бойынша БҰҰ Бас ассамблеясының 17-ші сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке келді.