Ресей ДАИШ-тың Орта Азия мен Кавказда әрекет етуі туралы ескертті
(last modified Sun, 02 Oct 2016 14:46:33 GMT )
Қаз 02, 2016 20:46 Asia/Almaty
  • Ресей ДАИШ-тың Орта Азия мен Кавказда әрекет етуі туралы ескертті

Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Олег Сыромолотов ДАИШ лаңкестік тобының Орта Азия мен Кавказда әрекет етуі туралы ескертіп:

«Қолда бар мәліметтер бойынша, ДАИШ лаңкестерінің айтарлықтай бөлігі – Орта Азия елдері мен солтүстік Кавказ (Ресей) бен оңтүстік Кавказдан шыққан азаматтар. Сол себепті ДАИШ осы аймақтарда ілгерілегісі келеді. ДАИШ осы мақсатына жету үшін Талибан тобының мүшелерін тартуды көздеп отыр»,-деді.

Ресей СІМ-дегі осы жоғары лауазымды тұлғаның ДАИШ-тың ТМД елдеріне қаупі туралы ескертуі осы топтың мәлімдемелері мен амалдарын назарға ала отырып  жасалды. Ресейдің өз елінде, әсіресе солтүстік Кавказда экстремистер мен тәкфиршілдермен күресіп жатқанына біраз болды. Тәкфиршілдер Ресейде көптеген лаңкестік әрекеттер жасады. Ресей қауіпсіздік қайраткерлерінің мойындауынша, Ресейдің шамамен 3-5 мың азаматы ДАИШ пен «әл-Носрат» майданы сияқты лаңкестік-тәкфирлік топтардың мүшесі болып табылады.  Олардың отанға қайтып оралуы Ресей қауіпсіздік қайраткерлері үшін қорқынышты түске айналып отыр. Лаңкестік-тәкфирлік топтардың құрамындағы экстремистер идеологиялық түсінікпен қоса, әскери-жауынгерлік дайындықтан өткен. Олардың Ресейге немесе Орта Азия мен Кавказдың басқа елдеріне қайтып оралуы ауыр қауіп-қатер тудыруы мүмкін. Орта Азия мен Кавказ елдері де осы қиындыққа ұшырап отыр. Статистикалық мәліметтер осы елдердің көп азаматтарының ДАИШ пен «әл-Носрат» майданына қосылғанын көрсетеді. Ресей ақпарат құралдарының мәліметінше, соңғы екі жылда Тәжікстанның 600 азаматы ДАИШ-ке қосылған. Олардың шамамен 300-і өлтірілген. Тәжікстан Бас прокуратурасы Таяу Шығыс аймағындағы қақтығыстарға қатысып жатқан адамдарға қатысты 400 іс қозғаған. Қазақстан мен Қырғызстанның ақпарат құралдары да 300-ден аса қазақ азаматы мен жүздеген қырғыздың ДАИШ лаңкестік тобының құрамында бар екендігін хабарлады.  

Бұл мәселе Ресейдің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында осы ұйымға мүше елдермен лаңкестік қоқан-лоққылармен күресу үшін ауқымды әріптестік жасауына себеп болды. Ресейдің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымымен әріптестікті арттыруын Еуразия кеңістігінің қауіпсіздігі саласындағы өзгерістерді және экстремистік топтар, әсіресе ДАИШ тарапынан лаңкестік қауіптің айтарлықтай артуын ескере отырып, талдауға болады. Экстремизм – ұлғаю үстіндегі қауіп-қатер. Еуразия елдерінің бірі және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының негізгі мүшесі ретіндегі Ресей Президенті Владимир Путин лаңкестік топтардың әрекеттерінің артуының қатерлері жайында ескерту жасап, әлем елдері, әсіресе  Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдерді онымен күресуге шақырды. Ресей  Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Николай Патрушев те экстремизммен күресті Мәскеудің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымымен әріптестігінің басты бағдары деп мәлімдеген болатын.