Рухани Иран мен Вьетнамның арасындағы банктік әріптестіктің артуын қолдайды
Иран Президенті Вьетнамның жоғары лауазымды қайраткерлерімен өзара қарым-қатынасты дамыту мақсатымен жүргізілген келіссөздерді сәтті деп бағалап, Ханойға сапар барысында қабылданған шешімдердің арқасында екі елдің байланысында жаңа тараудың басталатынын мәлімдеді.
IRNA ақпарат агенттігінің Ханойға жіберілген тілшісінің хабарлауы бойынша, ИИР Президенті Хасан Рухани бейсенбі күні түстен кейін Ханойда Вьетнам Коммунистік партиясының бас хатшысы Нгуен Фу Чонгпен кездесіп: «Әсіресе «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан кейінгі кезеңде екі елдің қарым-қатынасын одан ары дамытуға жағдай жасалды. Банк саласында байланыс орнату экономикалық әріптестіктерге қарқындылық сыйлайды»,-деді.
Президент екі елдің ынтымақтастықтарын нығайтуды екі халықтың мүддесі мен талап-тілектеріне сай деп атап: «Иран мен Вьетнамның жеке секторы қарым-қатынасты дамытуға ынталы. Бұл жолда энергетика, жаңа технологиялар, банк, егін шаруашылығы және балық шаруашылығы саласында ынтымақтастықты нығайтуға көңіл аударылатын болады»,-деді.
Вьетнам Коммунистік партиясының бас хатшысы да осы кездесуде Иран халқы мен үкіметін Теһранның ядролық келіссөздердегі жетістіктерімен құттықтап: «Ханой Теһранмен әріптестік пен қарым-қатынасты нығайтуды ерекше маңызды санайды. Бұл қарым-қатынас барлық салаларда, соның ішінде білім-ғылым, ауыл шаруашылығы мен техникалық салаларда арта түсуі тиіс»,-деді.