Ақ Үй: Обама Иранға қарсы санкцияларды ұзарту туралы заңға қол қояды
Ақ Үйдің ақпарат өкілі Эрик Шульц АҚШ Президенті Барак Обаманың Иранға қарсы санкцияларды ұзарту туралы заңға қол қою ықтималдығын айтып: «Вашингтон Иранға қарсы санкцияларды ұзарту ісі «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қайшы келмейді деп санайды»,-деп мәлімдеді.
Fars ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Эрик Шульц жұма күні өткен баспасөз конференциясында: «АҚШ Президенті Иранға қарсы санкцияларды ұзарту туралы заңға қол қояды, бірақ ондағы ядролық мәселеге қатысты баптар заңдық күшіне енбейді.
АҚШ «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының толығымен орындалуын қалайды. Алайда бұл Вашингтонның Иранның аймақтағы белсенділіктері, лаңкестікке қолдау көрсетуі мен баллистикалық зымырандарына қатысты басқа алаңдаушылықтарының азайғанын білдірмейді»,-деген уәж айтты.
Шульцтың сөздері АҚШ үкіметінің өткен қаңтар айында «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын жүзеге асыруды бастағаннан бері өзінің ядролық келісім аясындағы міндеттемелерін орындамаған жағдайда айтылып отыр.
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Бахрам Ғасеми да жұма күні Иранның өзінің халықаралық келісімдеріне берік екендігін, бірақ өз халқының құқығын кез-келген жағдайда қисынды да әсерлі түрде қорғау үшін тиісті болжамдар мен дайындықтар жасағанын қуаттады.