Қалашық салуға қарсы қарар бекітілгеннен кейін сионистік режимге қарсы әлемдік қысым артты
Бірнеше жыл бойы сионистік режимнің қалашық салу істеріне қарсы әлемдік реакция күтілгеннен кейін ақырында БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі Израильдің басып алынған Палестина жеріндегі қалашық салу жұмыстарын дереу тоқтатуына қатысты №2334 қарарды бекітті.
Осы жобаға сәйкес, сионистік режим басып алынған Палестина жеріндегі, соның ішінде шығыс Құдстағы қалашық салу жұмыстарын тез арада және толығымен тоқтатуға міндеттеледі.
Соңғы бірнеше жылда бұрын-соңды болмаған бұл қарарды сионистік режимнің 1967 жылы басып алынған жерлердегі қалашық салудағы заңсыз әрекетін жалғастыруға наразылық білдіру үшін әлемдік қысымдардың күшеюінің нәтижесі деп атауға болады. Сонымен қатар Қауіпсіздік кеңесінің қалашық салуды айыптауға қатысты қарар бекітуін Израильге келтірілген ауыр соққы деп атауға болады. Осы жоба туралы дауыс беру алдымен БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде сионистік режимді айыптау үшін мысырлықтар тарапынан орын алатын болып келісілген. Алайда Каирге қарсы қысым көрсетілгеннен кейін Мысыр дауыс берудің кейінге қалдырылғанын мәлімдеді. Ал Жаңа Зеландия, Венесуэла, Малайзия мен Сенегал жұма күні Қауіпсіздік кеңесінің сионизмге қарсы қарардың жобасына дауыс беру үдерісін ілгерілетуге өтініш жасады.
Осы қарарға вето құқығын қолданудан бас тартып, оған дауыс беруден қалыс қалған АҚШ-тың ұстанымының осы қарардың бекітілуіне себеп болғаны күтпеген жағдай болды. Шын мәнінде Обама үкіметі өткен сегіз жылда АҚШ-тың бұрынғы үкіметтері сияқты Израильге қарсы кез келген қарарға вето құқығын қолданып келді. Алайда қазір Обама өз президенттігінің соңғы айларында күтпеген жерден Қауіпсіздік кеңесінің жуырдағы дауыс беруде қалыс қалып, осы қарардың бекітілуіне себеп болды. Кейбір сарапшылар Обаманың бұл әрекетін Ақ үйдің Израильдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың саясаттарына қатысты наразылығының айқын белгісі деп атаса, келесі бір топ Трамптың жақында билікке келуін назарға алып, бұл мәселенің Вашингтон мен Тель-Авивтің қарым-қатынастарына аса әсер етпейтінін айтып отыр.
Бір израильдік жоғары лауазымды тұлға АҚШ президенті Барак Обаманы осы қарарды бекітуде Израильге қарсы құпия сөз байласумен айыптап отыр. Израильдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяху АҚШ-тың осы қарарға вето құқығын қолдануын сұраған болатын. Сонымен қатар, республикашыл басшылардың қазіргі кезде демократ басқарып отырған Ақ үйдің бұл әрекетіне реакциялары қатаң болды. АҚШ-тың сайланған президенті Трамп бейсенбі күні Қауіпсіздік кеңесінің қарарына вето құқығын қолдануды сұраған болатын. Оның пікірінше, аталмыш қарардың бекітілуі Израильдің келіссөздердегі орнын әлсірететіндіктен бұл әрекет әділетсіз болмақ. Негізінде Трамптың сионистік режимге қатысты пікірі Обама үкіметімен салыстырғанда өзгеше болады. Алайда №2334 қарардың көптеген сауалдарға қарамастан бекітілуі мен оның жүзеге асырылуына ешқандай кепілдің болмауына қарамастан, саяси тұрғыдан бұл қарардың сионистік режим басшылары үшін маңызды үндеуі бар екенін кесімді түрде айтуға болады. Бұл қарар төмендегідей үндеуге ие: палестиналықтардың жерлерінде қалашық салу жұмысын жалғастыру адамгершілікке жат, әділетсіз әрі заңсыз болғаны соншалықты, тіпті оның ең жақын одақтасы – АҚШ та әлемдік ортақ ұстанымға қарсы тұра алмай, дауыс беруден қалыс қалу арқылы оның бекітілуіне жағдай тудыруға мәжбүр болды.