АҚШ әлемде адам құқығы тақырыбын теріс пайдалануда
АҚШ Мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының жағдайы туралы өз есебін жариялады. Мұндай есеп қырық бірінші рет жарияланып отыр. Осы есептің кіріспесінде: «Адам құқығы мен демократиялық басқарудың жағдайын жоғарылату – АҚШ-тың сыртқы саясатының негізгі принципі»,-деп жазылған.
Адам құқығы мәселесі мен АҚШ үкіметінің осы мәселеге көзқарасы Вашингтонның әлемдік тақырыптарға қатысты екі қырлы әрі қарама-қайшы қатынас жасап отырғанының айқын үлгісі болып табылады. АҚШ үкіметі қырық жылдан астам уақыт бойы өзін әлемдегі адам құқығын қолдаушы әрі демократияны таратушы ретінде көрсетіп келеді. Алайда әрдайым әлемде адам құқығын бұзып, халықтардың талап-тілектерін елемей келген ең негізгі елдердің бірі болды.
Дүниежүзілік адам құқығы декларациясының негізгі ұғымдарының көбі адамзат баласының жетістігі болып саналады. Ешбір елдің оны өз мүддесіне орай иемденіп алуға құқығы жоқ. Мұнымен қоса, әлемдегі әртүрлі өркениеттер, қоғамдар мен діндер арасындағы мәдени өзгерістерге байланысты адам құқығы туралы бірыңғай сипаттама жасап, оның дәйектерін белгілеу өте ауыр болмақ. Сол себепті Батыс елдері тарапынан адам құқығын бұзу саналатын кейбір шаралар басқа бір қоғамдарда діни және дәстүрлі тамырлардан бастау алады. Адам құқығын қорғаушы әртүрлі ағымдар арасындағы діни-философиялық пікірталасты назарға алмағанның өзінде америкалықтардың қатынасы олардың басқалар жайлы сын айтуға қажетті біліктілігінің жоқтығын көрсетеді. Бұл ел соңғы 41 жылдың ішінде жыл сайын адам құқығы жайлы есеп жарияласа да, адам құқығын бұзатын, басып-жаншитын диктатор үкіметтерге қолдау көрсетіп келді. Азия, Африка мен Латын Америкасындағы АҚШ-тың қолдауына ие елдердің ұзын тізіміне көз салудың өзі жеткілікті. Осыдан-ақ Вашингтонның адам құқығы мен демократияны қолдаудағы шыншылдық деңгейін анықтауға болады. Сонымен қатар Вьетнам, Ирак, Ауғанстан, Сирия, Ливия мен әлемнің басқа аймақтарындағы көптеген соғыстар барысында америкалық күштер талай рет соғыс қылмыстарын жасап, адам құқығын бұзды. Абу-Грейб түрмесіндегі әшкерелеушіліктер тек АҚШ үкіметінің адам құқығына қатысты екі қырлы қатынасының бір үлгісі ғана.
АҚШ-тың ішінде де адам құқығының бұзылу жайттары бірнеше рет жарияланды. Бұл елде кедей қара нәсілділерге қарсы кемсітушілік ашық түрде жалғасып жатыр. Кейбір полиция қызметкерлері тіпті қара нәсілді жастар мен жасөспірімдерге кез-келген сылтаумен оқ атудан тайынбайды. Мұнымен қоса, АҚШ үкіметі 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін қауіпсіздікті қамтамасыз ету сылтауымен көптеген әлеуметтік бостандықтарды жойып, өз елінің азаматтары мен әлемнің басқа елдеріне қарсы адамзат тарихындағы ең ауқымды тыңшылық амалдарды жүргізді. Осындай жағдайда өткен жылы АҚШ-та өткен түйткілді президенттік сайлау да бұл елдегі демократиялық үдерістің әлсіздігі мен заң бұзушылықтың ықтималды деңгейін көрсетті.
АҚШ пен оның әлемдегі одақтастарының адам құқығын сақтауда әлсіздіктерінің болғанына қарамастан, Вашингтон бұл тақырыпты өзінің сыртқы саясатын ілгерілету үшін қолданады. Басқаша айтқанда, АҚШ қайраткерлері қай жерде тәуелсіз елді қысымға алғысы келсе, адам құқығының бұзылуы мәселесін алға тартады. Мұның айқын үлгісін бірнеше рет Иранды адам құқығын бұзады деп айыптауы мен Теһранға қарсы санкция салуға талпынуынан көруге болады. Егер бір жерде АҚШ-тың саяси-экономикалық мүддесі көзделген болса, Вашингтон адам құқығын бұзудың ең айқын жайттарына да көзжұмбайлық танытады. Мысалы, АҚШ саудиялықтар мен израильдіктерге қарсы осылай әрекет етіп отыр.