АҚШ-тың Иранды адам құқығын бұзумен айыптауы халықаралық құқықтарға қайшы
Адам құқығы тақырыбы соңғы бірнеше жылда Батыс елдерінің Иранға қысым жасау құралына айналды. Осы үдерістің жалғасында АҚШ-тың адам құқығына қатысты жылдық есебінің 2016 жылдағы әлемнің әртүрлі елдеріндегі адам құқығының жағдайы туралы бөлігінде ИИР "азаматтық бостандықтар мен баспасөзге қатты шектеу қояды" деп айыпталған.
Өлім жазасына кесу үкімін қолдану, қамауға алу, азаптау, басып-жаншу, азаматтардың еркін әрі әділ сайлау арқылы өз үкіметін бейбіт түрде таңдауға бағытталған қабілеттерін шектеу – осының барлығы АҚШ Мемлекеттік департаментінің адам құқығы есебінде Иранға таңған айыптары болып табылады. Алайда бұл тізімге әйелдерге қарсы қатігездік, ұлттық және діни азшылықтардан бастап адам контрабандасы мен еңбек құқығын орындауға қатаң шектеулер қоюға дейінгі басқа да уәждер қосылған.
Бұл жайттар біраз уақыттан бері ешбір құжат пен дерексіз қайталанып, Иранға саяси қысым жасау үшін сылтау болып отыр. Адам құқығы әр адамның болмысы, табиғаты мен адам болғаны үшін иеленетін ең негізгі құқық болып табылады. Алайда сынға ұшырайтын мәселе мынадай: қандай мемлекеттер адам құқығын қорғаушымыз деп уәж айта алады? Адам құқығы осындай қолдауларды қажет ете ме? АҚШ Мемлекеттік департаменті тарапынан ұсынылған сынды есептерді жариялауды әлемде адам құқығын қорғау деп санауға бола ма? АҚШ-тың әрекеттерінің өзі екі қырлылыққа толы. Оның адам құқығы саласындағы қатынасы кемсітушілік пен әділетсіз сипатта. Тіпті егер бұл есепке Батыс елдерінің адам құқығына қатысты заңдары мен критерийлері тұрғысынан қарағанның өзінде мынадай сауал туындайды: АҚШ басқаларды қандай критерийлер негізінде адам құқығын бұзумен айыптайды? АҚШ қалайша өзін адам құқығын сақтайтын білікті елдің қатарына қосып, соған сенеді? Батыс әлемінде, әсіресе АҚШ-та куә болып отырған жайттарымыз бұған қайшы қатынасты көрсетеді. Азаматтық наразылықтар мен қара нәсілділерді айуандықпен басып-жаншу, АҚШ-та күн сайын қайталанып жатқан ащы оқиғалар алаңдаушылық тудырмай ма? Батыс елдерінің нәсілшіл және исламнан үркіту қатынастары адам құқығы критерийлері бойынша қудаланып, қарастырылуы керек емес пе?
Адам құқығы декларациясының 7-бабы бойынша, барлық адам заң алдында тең. Олар осы декларацияны бұзатын кез-келген кемсітушілік пен осындай кемсітушілікке жол беретін кез-келген арандатушылыққа қарсы шығып, заң бойынша тең қорғалуды талап етуге құқылы. АҚШ қоғамы жылдар бойы кемсітушілік пен нәсілдік кемсітушілік қатынасына ұшырап, мигранттарға адамгершілікке жат қатынастың жасалуына куә болып келеді. Шекарасыз тілшілер сайты жуырда өз есебінде АҚШ-тағы сөз бостандығының жағдайын сынға алып: "Бұл ел соңы жылдары сөз бостандығы саласында 13 сатыға төмендеп, әлем бойынша 46 орынға тұрақтады",-деді.
Өзінің демократиялық жүйесі мен заңдардың сақталынатынын мақтан тұтатын елдердің қатарындағы АҚШ іс жүзінде осындай ауыр модельді ұсынуда сәтсіздікке ұшырап, одан біраз алшақтап кетті. Бұған қарамастан, бұл ел өзінің ұстанымдарынан ешқашан кері шегінбей, бұрынғыдай адам құқығы жайлы жалпы да бұлыңғыр түсінікпен өзін басқа елдердегі адам құқығы жағдайын сынаушылардың орнына қоюға талпыныс жасап жатыр. АҚШ-тың бұл қатынасы өзі халықаралық міндеттемелерді бұзып отырған жағдайда шын мәнінде жалған есептерді тарату және басқа елдерге, соның ішінде Иранға айып тағу болып табылады. Басқа бір қоғам мен халыққа қатысты жалған алаңдаушылық тудыру негізі нен қылмыс саналады. Мұның өзі халықаралық құқықтарды бұзу екендігі айқын. Ал тура осы істі АҚШ-ның Мемлекеттік департаменті атқарып отыр.