Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қарсы қарарының алғынұсқасына вето жариялады
(last modified Thu, 13 Apr 2017 08:46:20 GMT )
Сәу 13, 2017 14:46 Asia/Almaty
  • Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қарсы қарарының алғынұсқасына вето жариялады

Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қарсы қарарының алғынұсқасына тағы да вето жариялады. Бұл шешім АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның Мәскеуде Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесуінен бірнеше сағат өткен соң қабылданды.

АҚШ, Франция мен Ұлыбритания ұсынған алғынұсқада Сирия үкіметінен Идлиб облысында орналасқан Хан-Шейхун қаласындағы химиялық оқиғаға қатысты тексеріс жүргізу үшін осы Қауіпсіздік кеңесімен әріптестік жасау сұралған. Сонымен қатар бұл алғынұсқада Сириядан осы оқиға орын алған күннің барлық мағлұматтарын Қауіпсіздік кеңесінің зерттеу тобына беру талап етілген. Қарардың алғынұсқасының бұл бөлігі Ресейдің наразылығына ұшырады. Сол себепті Ресей алдын ала болжанған шарада Батыс елдерінің қарарының алғынұсқасына қарсы дауыс берді.

Қазіргі таңда Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің арасында вето құқығына ие мүше ел ретінде Ресей және осы кеңестегі Батыстың үш тұрақты мүшесі, яғни АҚШ, Ұлыбритания мен Франция Сирия тақырыбына қатысты терең қайшылыққа ие. Батыс елдері  Азияның батысындағы одақтастарының, соның ішінде Сауд Арабиясы, Катар, Түркия мен Израильдің әріптестігімен Сириядағы алты жылдық соғыста қандай тәсілмен болса да, жеңіске жетуге және Башар Асад бастаған осы елдің саяси жүйесін құлатуға талпынып жатыр. Батыс-араб коалициясы осындай мақсатқа жету үшін тәкфирлік және лаңкестік топтармен тура және жанама түрде әріптестік жасаудан тартынбайды. Ал Мәскеу Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдер арасында Сирия үкіметінің ең негізгі одақтасы болып саналады. Ресейдің әскери күш-қуаты ДАИШ лаңкестерімен күресуге және Сирия армиясына көмектесуге бағытталған.

Өткен аптада Сирияға қарсы батыс-араб коалициясы осы елдің Хан-Шейхун қаласындағы химиялық оқиғаны сылтауратып, Мәскеу мен Дамасктың арасында алшақтық тудыруға күш салды. Алдымен америкалықтар осы оқиғаның орын алуын сылтауратып, ешқандай дәлел-дерек келтірместен, Сирия армиясы Хан-Шейхун қаласына жасалған химиялық шабуылға қатысы бар деп уәж айтып, Сирияның әш-Шаират әуе базасына зымырандық шабуыл жасады. Содан соң АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Ресейді Сириядан алшақтату мақсатында  Мәскеуге аттанды. Ол осы қалаға келмес бұрын: «Ресей Батыс пен Сирияның арасынан біреуін таңдауы тиіс»,-деген болатын. Осындай жағдайда Ресей ДАИШ-пен күресті жалғастыру қажеттігін баса айтып, Батыс елдерінің Асадтың заңды түрде сайланған үкіметін құлату талпынысының ДАИШ лаңкестерінің күшейіп кетуіне себеп болатынын бірнеше рет айтті.

Қалай болғанда да, Тиллерсонның Ресейдің жоғары лауазымды тұлғаларымен, соның ішінде Ресей Президенті Владимир Путинмен Мәскеуде  кездесуі де  АҚШ пен Ресей арасындағы Сирияға қатысты терең көзқарас қайшылығын шеше алмады. Мәскеуде  АҚШ пен Ресей қайраткерлері арасында салқын да қошеметсіз сөздер айтылып жатқанда Қауіпсіздік кеңесіндегі екі елдің өкілдері де Нью-Йорктегі БҰҰ-ның резиденциясында Қауіпсіздік кеңесі ұсынған қарардың баптарына қатысты пікірталас жүргізіп жатты. Ұлыбритания мен Францияның қолдауына ие АҚШ  Хан-Шейхун қаласындағы химиялық оқиғаны зерттеу сылтауымен Сирия армиясының лаңкестер мен бүлікшілерге қарсы әскери амалдарының қыр-сырын біліп алуға талпыныс жасады. Бұл әрекет Ресейдің қарсылығына ұшырады. Ақырында Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қарсы қарарының алғынұсқасын қабылдатпау үшін тағы да өзінің вето құқығын пайдаланды. 

Қауіпсіздік кеңесінде Сирияға қатысты тығырықты жағдай жалғасып жатқан соң Хан-Шейхун қаласында күмәнді химиялық оқиғаны жобалаған адамдар АҚШ-тың Сирияға зымырандық шабуылын қайталауға жағдай жасау үшін осы елде тағы бір гуманитарлық апат тудырады деп болжануда.  Осындай оқиғалар мен америкалықтардың Сирия мәселесін шешуде біржақты қатынас ұстануы әлемді қатерлірек жағдайға итермелейтіндігі айқын.