Түркіменстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастық жасау Иранның күн тәртібіне қойылып отыр
ИИР Сыртқы істер министрі Зариф Иран мен Түркіменстанның сауда форумында сөйлеген сөзінде: «Қос жақты игі байланыстарға сәйкес, Ашхабадпен ұзақ мерзімді ынтымақтастық жасау Теһранның күн тәртібіне қойылып отыр» деді.
ИРНА- ның хабарлауынша, Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф дүйсенбі күні Ашхабадта Иран мен Түркіменстан кәсіпкерлерінің отырысына қатысқанда сөз сөйлеп: «Иран Түркіменстанның тәуелсіздігін ресми деп таныған тұңғыш ел ретінде бүгін екі ел арасында байланыстың орнауының 25 жылдығында Түркіменстан халқы мен үкіметінің жанынан табылып отыр» деді.
Зариф Иранды Түркіменстан үшін сенімді серік деп атап: «Иран, Өзбекстан, Түркіменстан және Оман арасында транзиттік жол ашу үшін жақсы негіз қалыптасып отыр. Мұны Үндістан да қолдап отыр» деді.
Иран Сыртқы істер министрі транспорт саласы мен инфрақұрылымдар салуды екі елдің үкіметтік және жекеменшік саласы арасындағы сұхбаттасулардың негізі деп бағалап: «Иран мен Түркіменстанның жақсы байланыстарының кеңеюі алдағы жылдары аймақ халқы мен бейбітшілік пен тұрақтылық үшін пайдалы болады» деді.
Иран Сыртқы істер министрі жексенбі күні түстен кейін Орталық Азия мен Кавказдағы үш мемлекетке сапары шеңберінде Түркіменстанға келді. Ол өзінің алғашқы жұмыс бағдарламасында бүгін дүйсенбі күні Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесіп, әңгімелесті.