Иран мен Ресей Катарға азық-түлік экспорттау туралы ұсыныс жасады
Катар Сыртқы істер министрі Иран мен Ресейдің бұл елге жаппай азық-түлік өнімдерін экспорттау туралы ұсыныс жасағаны туралы хабарлады.
ИРНА ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, Катар Сыртқы істер министрі Мохаммад бин Абдурахман әл-Сани жексенбі күні «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында: "Иран Катардың басқа дос мемлекеттері секілді Катарға азық-түлік тиелімдерін жіберген болатын.
Ресей де дәл осындай көмек көрсетуді ұсынып отыр. Алайда қазіргі жағдайда мұның еш қажеттілігі жоқ. Себебі, мұндай көмек бірнеше ел, әсіресе Түркия тарапынан да жасалып жатыр.
Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері Катарға қарсы санкция жариялаған алғашқы сағаттарда халық жаппай азық-түлік сатып ала бастады. Алайда қазір қалыпты жағдайға оралды",- деді.
Ресей Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Джамбулат Хатуов кеше елінің Катарға үлкен көлемде ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттауға және оның қажеттіліктерін қамтамасыз етуге дайын екендігін хабарлады.