Америкалық коалиция Ракка мен Мосул қалаларына ақ фосформен шабуыл жасады
Адам құқығын бақылау ұйымы АҚШ бастаған халықаралық коалицияның Ирак пен Сириядағы шабуылдарында ақ фосфорды пайдаланғанын мәлімдеді.
"Әл-Алам" телеарнасының сәрсенбі күнгі хабарлауына сәйкес, Адам құқығын бақылау ұйымы қарудың бұл түрін бейбіт халық өмір сүретін мекендер мен адамдарға қарсы шабуылдарда пайдалануға тыйым салынғанын мәлімдеді.
Осындай жағдайда Адам құқығын бақылау ұйымының қару-жарақ бөлімінің басшысы Стив Госс: "Ақ фосфордың қандай тәсілмен пайдаланылғаны маңызды емес. Оны Ракка мен Мосулда, не болмаса халқы көп басқа да аймақтарда пайдаланудың жан түршіктірерлік әрі ұзақ мерзімді салдарлары болатыны маңызды" деді.
Біраз бұрын америкалық New York Times газеті америкалық коалицияның Ракка қаласы аудандарының біріне ақ фосфордан жасалған қарулармен шабуыл жасағанын, онда кемінде 20 сириялық азаматтың қаза тапқанын жазған болатын.