Зариф ЭКОСОК отырысында кедейшіліктің қазіргі замандағы ең үлкен түйткіл екенін қуаттады
https://itolqyn.com/news/world-i29140-Зариф_ЭКОСОК_отырысында_кедейшіліктің_қазіргі_замандағы_ең_үлкен_түйткіл_екенін_қуаттады
Батыс Азия аймағы әлі де ішкі қақтығыстар мен толық масштабты соғыстарға душар болып отыр. Бұл миллиондаған адамды абсолютті кедейшілік жағдайға жеткізді.
(last modified 2025-09-22T12:04:09+00:00 )
Шіл 20, 2017 22:00 Asia/Almaty
  • Зариф ЭКОСОК отырысында кедейшіліктің қазіргі замандағы ең үлкен түйткіл екенін қуаттады

Батыс Азия аймағы әлі де ішкі қақтығыстар мен толық масштабты соғыстарға душар болып отыр. Бұл миллиондаған адамды абсолютті кедейшілік жағдайға жеткізді.

Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф  БҰҰ-ның әлеуметтік және экономикалық кеңесінің (ЭКОСОК) Нью-Йоркта тұрақты даму тақырыбында өткен отырысында осы мәселені көтеріп: «Осы уақытқа дейін кедейшілікпен күресу үшін ұзақ жол жүріп өтілді. Алайда, кедейшілік бұрынғыдай қазіргі замандағы ең үлкен түйткіл, адамзаттың дамуы үшін шынайы қатер және қоғамдардың тұрақты дамуы жолындағы үлкен кедергі болып отыр»,-деді.  

Иран Сыртқы істер министрінің ЭКОСОК отырысындағы сөздері кедейшіліктің негізгі факторлары мен тұрақты даму жолындағы кедергілерге тиісті көңіл аудару қажеттігін көрсетеді. 

Тұрақты дамуға қол жеткізу әлемді бай, кедей деп екіге бөлуден азап шегіп отырған барлық ұлттар үшін өзекті мәселе екендігі күмәнсіз.

Дүниежүзілік банктің жаңа есептеулері бойынша, әлемнің шамамен 8 млрд тұрғынының 9,1 пайызы 2016 жылы кедейшілікте өмір сүрген. Oxfam  институты осы тұрғындардың 3,6 миллиардын кедейшілік жағдайда деп жариялаған.  Әрине, бұл халықаралық орталықтар кедейшілік жағдайын әлемнің екі жерінде бірдей деп санамайды. Дүниежүзілік банктің көрсеткіштері бойынша, күніне 1,90 доллардан аз табыс табатын адам кедей деп есептеледі. Алайда әлемнің түкпір-түкпірінде барлық кедейлер осы табыстың өзімен де бірдей жағдайға ие емес. Елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайын ескерсек, кейбір кедей адамдар экономикалық тұрғыдан әлдеқайда нашар жағдайда өмір сүреді.

Даму агенттігінің 2015 жылдан кейінгі даму мақсаттарына (Post-2015 Development Agenda) жасалған шолу көрсеткендей,  бұл салада бірнеше маңызды стратегиялық мақсат белгіленген: кез келген формадағы кедейшіліктің тамырын жою, ашаршылықты жою, барлық адамдардың әл-ауқатын арттыру, жалпыға бірдей оқудың сапасын кепілдендіру және барлық адамдарға оқу үшін мүмкіндік жасау.

Осы көзқарастар тұрғысынан Иран Сыртқы істер министрінің сөздерінде бұл мәселе жан-жақты баяндалған. Бұл сөздерге көңіл аудару және оны орындауға талпыну  кедейшілік пен тұрақты даму саласындағы қазіргі қиындықтардың көбін шешудің кілті бола алады. Зариф кедейшілік пен артта қалудың тамырларын баяндауда соғыстар, қақтығыстар мен шетелдік алпауыттардың ішкі іске араласушылық саясаттарына тоқталды. Бұлар аймақтық  елдерді өз дәулеті мен қазба байлықтарынан айырып қана қойған жоқ,  азаттық нығметінен де мақұрым етті.  Зариф осы салада адамзат баласының өміріндегі ең апатты әрі ащы үлгілердің бірі болып отырған Сирия, Ирак, Ауғанстан, Ливия мен Йемендегі жағдайға тоқталып: «Әсірешіл лаңкестер қазіргі шектен тыс үмітсіздік, тәкфирлік идеология мен аймақтық  және әлемдік ойыншылардың оны қолдауын теріс пайдаланып, аймақ пен әлемді сипаттауға келмейтін қылмыстармен ластады»,-деді. 

Зарифтің көзқарасы бойынша, дамуға қатысты ортақ түйткілдер сонымен бір мезгілде әріптестік үшін мұрсаттарға толы. Алайда бұл әріптестік кедергілерге ұшырап отыр.  Тұрақты даму жолында қозғалу экономика мен қоршаған ортаны оңтайлы басқарумен шектелмейді. Қысқа және ұзақ мерзімді белсенділіктердің тұрақтылығын кепілдендіру үшін қолайлы саяси-экономикалық және әлеуметтік жағдайлар қажет. Сондықтан ірі алпауыттардың экономикасы кедейшілікті жою және жұмыс орындарын ашу мүмкіндігін қайта жандандыру мәселесіне көңіл аударғанға дейін барша үшін экономикалық даму тұрақтылығын қамтамасыз етуге болатындығына үміттене алмаймыз. Өйткені, адамзат қоғамында кедейшілік пен теңсіздіктің болуы табиғи құбылыс емес. Бұл – халықаралық жүйеге таңылған саяси-экономикалық қарым-қатынас түрінің өнімі. Осы жағдай байлық көздері мен мүмкіндіктердің тең таралмауына себеп болып отыр.