Путиннің Түркияға сапары – екіжақты байланысты тереңдету жолындағы талпыныс
(last modified Fri, 29 Sep 2017 12:26:14 GMT )
Қыр 29, 2017 18:26 Asia/Almaty
  • Путиннің Түркияға сапары – екіжақты байланысты тереңдету жолындағы талпыныс

РФ Президенті Владимир Путин мен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған бейсенбі күні Анкарада аймақтық жағдай мен екіжақты ынтымақтастықты талқылады. Путиннің Түркияға сапары Мәскеу мен Анкара арасында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, маңызды аймақтық және халықаралық мәселелер жөнінде кеңесу мақсатында орын алды.

Кремльдің ақпарат өкілі Дмитрий Песковтың айтуынша,  Түркия мен Ресей бір-бірімен тығыз әріптестік жасайды. Путиннің Түркияға сапары да осы елдің мүдделері аясында жүзеге асырылды. 2015 жылдың қараша айында бір түрік ұшағының Ресейдің бір қырғи ұшағын құлатуы салдарынан Ресей мен Түркия қарым-қатынасында бұрын-соңды болмаған қайшылық туындап,  Ресей тарапынан Түркияға ауқымды санкциялар салынып, соңында Ердоған  Ресейге сапармен барып, Президент Владимир Путиннен ресми түрде кешірім сұрап, өтемақы төлегеннен кейін осы текетірес аяқталған болатын. Ал енді Мәскеу-Анкара қарым-қатынасының жаңа кезеңіне куә болып отырмыз. Түркия мен Ресейдің қарым-қатынасы ауқымды салаларды қамтиды. Соның ішінде Мәскеу мен Анкара  арасындағы ауқымды сауда-экономикалық байланыстарын, Ресейде көптеген түрік азаматтары мен компанияларының  жұмыс істейтінін, энергетика саласында әріптестік жасау, әсіресе Turkish Stream газ құбырын салуды бастауын, ресейліктердің Түркияның маңызды жобаларына, соның ішінде Түркияның алғашқы АЭС-сын салуға қатысуын, Түркия тауарларын Ресейге кең түрде экспорттауын және ресейліктердің Түркияның туризм саласындағы көңіл аударарлық үлесін айтуға болады. Еуразия істері жөніндегі маман Шуайб Бахманның айтуы бойынша, ресейліктер экономика саласында Түркиямен өз қарым-қатынастарын кеңейтуді көздейді.  Мұнымен бір мезгілде Түркия Ресейдің әскери технология саласындағы жетістіктерін пайдалануға мүдделі. Мысал ретінде 2017 жылдың қыркүйек айының басында Түркияға С-400 зымырандық жүйесін сату туралы келісімге қол қойылғанын айтуға болады. Песков Батыс елдерінің қару-жарақ келісімін сынауына білдірген реакцияда: «Екі ел арасындағы әскери әріптестік халықаралық заңдар аясында жүзеге асырылып жатыр және ешбір елге қарсы емес. Сондықтан ешбір тараптың  Ресей мен Түркияны осы өзара әріптестік үшін сынауға құқығы жоқ»,-деп қуаттады.  Түркия мен Ресей арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай жақсарған соң Мәскеу С-400 зымырандық жүйесін сатуға келісу арқылы Анкараның аймақтағы саясаттарына жақтасатынын білдіріп отыр. Шын мәнінде Түркияның Сирия дағдарысын саяси жолмен шешуге бағытталған Астана келіссөздеріне, әсіресе Сирияда қақтығыстар азайтылған аймақтар құруға  белсенді түрде атсалысуы, Анкара үкіметінің Мәскеумен жан-жақты қарым-қатынасты кеңейтуге ынта білдіруі және екі елдің аймақтағы кейбір мәселелер, соның ішінде Катар дағдарысына қатысты ұстанымдарының  ұқсастығы екі елдің кеңесулер деңгейі мен көлемін арттырумен қоса, Мәскеу мен Анкара арасында әскери және қауіпсіздік саласындағы әріптестік деңгейінің жоғарылауына септігін тигізді. Бұған қарамастан, мына мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды: Анкараның  Мәскеумен қатынасын кеңейтуге ашық түрде ұмтылуы белгілі бір деңгейде Анкараның өзінің дәстүрлі батыс серіктестерімен, әсіресе Еуроодақ және АҚШ-пен қайшылықтарының үдеуіне реакциясы болып отыр.  Түркия енді Еуроодаққа мүше боларына немесе Еуропа мен АҚШ-тан көмек алатындығына үміттенбейді. Мұнымен қоса, түріктер өзінің сауда-экономикалық  және әскери салаларындағы бос кеңістікті Ресеймен қатынасты кеңейту арқылы толтыруды көздейді. Сондықтан Мәскеу мен Анкара қарым-қатынасының кеңейіп, тереңдеуі одан ары жалғаса түседі деп болжауға болады.