Еуропа Израильдің астанасын Құдс қаласына ауыстыруға қарсы
(last modified Tue, 12 Dec 2017 13:41:45 GMT )
Жел 12, 2017 19:41 Asia/Almaty
  • Еуропа Израильдің астанасын Құдс қаласына ауыстыруға қарсы

Еуроодақ басып алынған Құдс қаласын Израильдің астанасы ретінде тануға қарсылық білдірді.

Бұл ұстаным сионистік режимнің премьер-министрі Бениямин Нетаньяху АҚШ Президентінің соңғы шешіміне қатысты еуропалықтардың қолдауына ие болу үшін Еуроодақтың орталығы Брюссельге сапар шеккеннен кейін жарияланды. Нетаньяху Брюссельге жасаған бірінші сапарында Еуроодаққа мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің отырысына қатысты. Ол отырысқа қатысардан бұрын еуропалықтардан әлем халықтары, соның ішінде еуропалық мемлекеттердің ызасына себеп болған Дональд Трамптың Құдсты Израильдің астанасы ретінде ресми тану шешіміне қолдау көрсетуді сұрады.  

Францияның жазушысы әрі бұл елдің "liberation" газетінің Құдстағы арнайы тілшісі Guillaume  Gendron бұл туралы: "Парижден Теһранға, Ватиканнан Стамбулға, Брюссельден Каирге дейінгі барлық үкіметтер АҚШ-қа Құдстың рөлін өзгертудің өртпен ойнау екендігін ескертті. Бірақ ешбір ескертулер мен ақыл-кеңес АҚШ Президенті Дональд Трамптың қисынсыз шешімін өзгертпеді",- деп жазды.

Трамптың жанжал тудыратын соңғы шешімі  сионистік режим басшыларын Құдсты толық басып алып,  оны 1948-ші жылы Палестинадан тартып алып, «Израиль» деп атаған жерлерге қосып алуға үміттендірді. Алайда Трамптың Құдсты сионистік режимнің астанасы ретінде жариялауы Израильге жағымсыз әсер тигізді деген ой туады. Мәселен, Тель-Авивпен жақын қарым-қатынасқа ие және Израильдің қауіпсіздігін қорғау қажеттігін қуаттайтын   еуропалық үкіметтер сионистердің Құдсты өз жері деп атаған уәждерін қабылдамады. Еуроодақтың Сыртқы саясат және қауіпсіздігі жөніндегі Жоғары өкілі Федерика Могерини: "Еуропалықтардың пікірінше, Құдс шығыс және батыс бөлімдерге бөлініп, шығыс бөлімі палестиналықтарға тиесілі болуы керек. Еуропа Құдс мәселесіне қатысты халықаралық заңдарға, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларына сай әрекет етеді. АҚШ үкіметінің біржақты шешімі бұл ұстанымды өзгертпейді",- мәлімдеді. Израиль премьер-министрінің алдында мұндай ұстанымның айтылуы Нетаньяхудың Еуропаға жасаған асығыс сапарының толығымен сәтсіздікке ұшырағанын білдіреді. Еуропаның Ұлыбритания, Германия және Франция сынды ықпалды мемлекеттері өз пікірлерін білдірген соң Чехия сынды Еуроодақтың кішірек мемлекеті Трамптың АҚШ елшілігін Құдсқа ауыстыру шешімін қолдамайтынын жариялады. Мұндай жағдайда келешекте Еуроодақ Құдс қаласын Израильдің астанасы ретінде таниды деп күтуге болмайды. Бұл тақырып Еуропа мен  Израиль мен АҚШ-ның арасында пайда болған қайшылықтарды арттыруы мүмкін.