АҚШ Қауіпсіздік кеңесінде Иран мәселесіне байланысты жалғыз қалды
АҚШ-тың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін Иранда жуырда орын алған бейберекеттіктерге қатысты позиция ұстануға мәжбүрлеу талпынысы осы елдің тағы да оқшау қалуына себеп болды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің басым бөлігі АҚШ-тың өтінішін қабылдамай, бұл халықаралық ұйымның Иранда жуырда орын алған бейберекеттіктер мәселесін талқылауға өкілеттігі жоқ деп шешті. Бұл елдердің әрқайсысы ұқсас пікір білдіріп: "Иранда жуырда орын алған тынышсыздықтар әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін қатер төндірген жоқ. Сол себепті БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі бұл мәселені қарастыруға өкілетті емес",- деп мәлімдеді. Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі АҚШ-тың Иранның ішкі істеріне араласу талпынысын арсыздық деп атап: "АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейлидің логикасына сәйкес, бұл ел полициясының Фергюсон қаласындағы наразылық білдірушілерге шабуылынан кейін немесе The Wall Street қозғалысын жақтаушылардың АҚШ-тағы ашулы әрекеттерінен кейін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі осыған ұқсас отырыс өткізуі тиіс болған",- деді.
АҚШ үкіметі ең жоғары саяси деңгейде, яғни осы елдің президенті бір аптаға жуық мерзім ішінде зорлыққа толы, тіпті қылмыстық сипаттағы жолдармен бүлік шығарып, қоғамдық және жеке мүлікті жойған Ирандағы бейберекеттік тудырушыларды қолдады. АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында АҚШ-тың осы бүлікшілерге қолдау көрсететінін бірнеше рет мәлімдеп: "Әлем Ирандағы оқиғаларды бақылап отыр",- деген уәж айтты. Алайда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысында орын алған оқиға әлемнің АҚШ пен оның бірқатар саяси-әскери одақтастарының Батыс Азиядағы Иранның ішкі істеріне араласуына қарсы екенін көрсетті. Ең алдымен осындай көзқарас айырмашылығы Вашингтон мен Еуропа елдері арасында пайда болды.
АҚШ Халықаралық қатынастар кеңесінің басшысы Ричард Хас осы мәселе тұрғысында: "Атлант мұхитының екі жағы, яғни Еуропа мен АҚШ арасында Иранға қатысты алаңдаушылық тудыратын алшақтық пайда болды",- деді.
Көзқарас айырмашылығы көбінесе Еуропаның АҚШ-қа қарсы Иранмен ядролық келісімді жүзеге асыруды және бұл елмен ынтымақтастық жасауды жалғастыруынан туындап отыр.
Бұл Трамп үкіметінің Иранда жуырда орын алған оқиғаларды сылтауратып, "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасының көзін жойып, Иранда әскери-саяси араласушылық әрекеттерге негіз жасауға талпынып жатқан жағдайда орын алып отыр. Осылайша, Дональд Трамптың Құдсты Израильдің астанасы ретінде мойындау туралы жанжалды шешімінің әлемдік қауымдастықтың кесімді қарсылығымен бетпе-бет келгені секілді АҚШ Иранға қатысты тағы бір жеңілістің дәмін татты.
Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф осы мәселеге қатысты Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында: "Қауіпсіздік кеңесі осы ұйымның тапсырмасын қулықпен ұрлау мақсатындағы АҚШ-тың ашық талпынысына теріс жауап қайтарды. Бұл – Трамп үкіметінің сыртқы саясат сахнасында жасаған тағы бір үлкен қателігі",- деп жазды.