Иран мен Үндістан «халықтардың қақпасы» – Чабаһарда әріптестік жасайды
Иран мен Үндістанның сауда ынтымақтастықтары туралы форум Нью-Дели қаласында ИИР-ның Жол және қала құрылысы министрінің қатысуымен өтті. Транзит пен тасымалды кеңейту және Чабаһар стратегиялық айлағын дамыту осы форумда талқыланған маңызды тақырыптардың бірі болды.
ИИР-ның Жол және қала құрылысы министрі Аббас Ахунди Теһран мен Нью-Делидің сауда ынтымақтастықтары туралы форумда: «2018 жылы Солтүстік-Оңтүстік, Оңтүстік-Батыс және Шығыс-Батыс сияқты әртүрлі дәліздер арқылы сауда-саттықты кеңейтуге көбірек көңіл бөлінетін болады. Осы дәліздерді дамыту және аймақтағы ынталы елдердің талпыныстары арқасында әртүрлі елдердің, соның ішінде Үндістанның Ресей мен еуропалық елдерге қолжетімділігі жеңілірек әрі қысқарақ болады»,-деді. Сондықтан Чабаһар стратегиялық айлағын дамыту ерекше маңызды. Иранның оңтүстік-шығысындағы Чабаһар айлағы аймақ елдері халықтары арасында байланыс көпірі болып табылады. Сол себепті аймақтың мүддесіне сай бұл айлақ «халықтардың қақпасы» деп аталған. Чабаһар айлағын дамыту Иран, Үндістан мен Ауғанстанға ғана емес, аймақтың басқа елдері, соның ішінде Ресей үшін де экономикалық тұрғыдан маңызды.
Чабаһар айлағын дамыту жобасы – ИИР мен Үндістанның ортақ ісі. Екі ел оның барлық әлеуетін іске қосу үшін келісімге қол қойды. Чабаһар айлағының бірінші фазасын дамытуда Үндістан маңызды рөл атқарады. Бұл ел өзінің сауда қатынасында алуандық тудыру үшін Чабаһар жобасына инвестиция салды. Өткен жылы қол қойылған келісім бойынша, Үндістан Чабаһар айлағының бірінші фазасын дамытуға 85 млн доллар инвестиция құйып, 23 млн доллар табыс тауып, 10 жыл бойы осы айлақтың екі кемежайын басқаруды өз мойнына алды.
Чабаһар айлағы ИИР, Ауғанстан мен Үндістан арасындағы тасымал дәлізі ретінде көпмақсатты қолданыс аясына ие. Жүк тасымалдаумен қоса, үш елдің арасында жолаушы тасымалдау да назарға алынып отыр. Чабаһар айлағы 2018 жылдың аяғына дейін іске қосылады деп жоспарлануда. ИИР, Ауғанстан мен Үндістан Чабаһар айлағын дамыту арқылы ортақ саясатты көздеп отыр. Оған өз экономикаларын біріктіріп, ақырында аймақтың әралуан нарығына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатымен байланыс инфрақұрылымдарын бірдей дамыту жатады.
Осы салада Үндістанның Тасымал, күре жолдар және кеме қатынасы министрі Нитин Гадкари сәрсенбі күні Нью-Делиде Чабаһар айлағы жобасын қазіргі таңда бұл елдің Иранмен бірге атқарып жатқан ең маңызды экономикалық жобасы деп атап: «Чабаһар жобасы Иран мен Үндістан үшін «ұтыс-ұтыс» жобасы бола алады. Сол себепті Үндістан бұл жобаны қолдап, оны толықтырады»,-деді.
Потенциалды әлеуеттер мен артықшылықтарға ие Чабаһар айлағы транзиттік даму жолында орналасқан. Көпмақсатты бұл айлақ Орта Азия мен ТМД елдеріне жеткізетін көпір ретінде транзит пен жүкті ауыстырып тиеу жөнінен ерекше назарға алынып отыр. Жүкті ауыстырып тиеу үдерісін орындаудың мақсаты Иранның айлақтарына келген контейнерлерді қайтадан әлемнің басқа айлақтарына жіберу болып табылады. Бұл іс әлем айлақтары арасында контейнерді тасымалдау мен алмастыру жылдамдығын арттыру мақсатында орындалады. Аймақтық қырымен қоса, Чабаһар айлағының маңыздылығы Үндістанмен ортақ әріптестік аясында Иранның оңтүстік-шығысындағы Систан мен Белуджистан облысының экономикасын дамытумен байланысты. Үндістан 10 жылдан кейін Чабаһар айлағын дамыту үшін жасалған барлық мүмкіндіктерді Иранға тапсырады. Мұнымен қоса Үндістан үкіметі Чабаһар айлағының айналасында еркін сауда аймағын құруға міндеттеме алды.