Биылғы Мюнхен қауіпсіздік конференциясы өткен жылдардан да маңызды тақырыптарды қарастырады
(last modified Fri, 16 Feb 2018 15:40:00 GMT )
Ақп 16, 2018 21:40 Asia/Almaty
  • Биылғы Мюнхен қауіпсіздік конференциясы өткен жылдардан да маңызды тақырыптарды қарастырады

Бұл отырысқа әлемнің 20-дан астам мемлекетінің басшылары, түрлі елдердің 40-қа жуық Қорғаныс және ішкі істер министрлері мен 52 ірі компанияның басшылары қатысады.

54-ші Мюнхен қауіпсіздік конференциясы бүгін ақпанның он алтысы жұмадан бастап үш күн бойы Германияның Мюнхен қаласында өтеді. Биылғы конференцияға 4000-нан астам адам қатысады. Конференция қонақтарының ішінде 20-дан астам мемлекет басшысы, түрлі елдердің 40-қа жуық Қорғаныс және Ішкі істер министрі мен 52 ірі компанияның басшылары болады. Сирия дағдарысы, Украина дағдарысы, Еуропадағы Ресей мен НАТО ұйымының қарсыласуы, Корей түбегіндегі шиеленіскен жағдай, Йемен дағдарысы секілді аймақтық дағдарыстар, "Ортақ қадам" бағдарламасының келешегі, көші-қон дағдарысы, қоршаған орта мәселелері мен оған байланысты жағдайлар биылғы конференцияда қарастырылатын тақырыптардың қатарын құрайды.

Әлемде орын алып жатқан өзгерістерге байланысты осы конференцияда қарастырылатын мәселелер алдыңғы жылғы басқосу тақырыптарының қайталануы болмайтыны айдан анық. Мюнхен қауіпсіздік конференциясында нақты шешім қабылданбайды. Онда тек белгілі бір мәселеге қатысты пікір білдіріліп, саяси кеңесу мен кездесулер өткізіледі. Сондықтан, шараның қорытындысында құжатқа қол қойылып, немесе іске асырылуға тиіс міндетті шешімдер қабылданбайды. Осыған байланысты Мюнхен қауіпсіздік конференциясы әлемдік қауіпсіздік саласындағы халықаралық қауымдастықтардың біріне айналған. Оның сапасы мен саны жағынан және әсері мен нәтижелерінің Бүкіләлемдік экономикалық форумға ұқсас болуына байланысты бұл шара «Давостық қауіпсіздік форумы» деген атпен танымал болды.

Жуырдағы өзгерістерге байланысты Мюнхендегі биылғы отырыс өткен жылдармен салыстырғанда әлемдік мәселелерге көбірек мән беріп отыр. Бұл жағдай Вашингтон мен оның әлемдік және аймақтық бәсекелестері мен дұшпандарының арасындағы теке-тіресті арттыратын АҚШ-тың бірнеше стратегиялық құжат, ұлттық қауіпсіздік, ұлттық қорғаныс саласындағы доктрина мен ядролық тәсіл қалыбындағы ұстанымдарын мәлімдеуіне байланысты туындады.

Франциялық зерттеуші Мари Сесиль Навтың айтуынша, көп полюсті әлемнің көзін жоюды көздеп отырған Трамптың саясаттары үстемдік, алдау, қастандық әрекетке негізделген. Бұл мәселені Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингер де көтеріп, осыған байланысты қазіргі жағдайды екіұштылыққа толы жағдай деп атады. Ишингер Еуропа одағының жасаған әрекетіне де күмән келтірді.

Ишингердің айтуынша, 500 миллион адамның өкілі және көптеген елдер үшін ең маңызды серіктес саналатын Еуропа одағы сыртқы саясаты мен Таяу Шығыста сәтсіздікке ұшырады.

Сонымен қатар, Мюнхен қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Германия үкіметінің әрекетін сынға алып отыр. Ол Германияның болашақ үкіметінен Еуропа одағын өзгерту үдерісін қарастыруды сұрап: "Еуропа одағы тек максималды шешімдері арқылы ғана тиімдірек жұмыс жасай алады",- деп баса айтты. Қорытындылай келе, Мюнхен қауіпсіздік конференциясы саяси және қауіпсіздік салаларындағы жоғары лауазымды тұлғалардың ең ірі басқосуы ретінде түрлі мүдделер мен пікірлерді бір-біріне жақындастыру үшін өте құнды мүмкіндік саналады. Сондықтан, бұл конференцияның ресми тұсы болмағандықтан оған қатысушылар өздерінің келіспеушіліктерін келіссөз бен диалог арқылы талқыға салып, қарастырады. Бұл кеңесулердің қорытындысы үкіметтер мен Еуропа одағы секілді аймақтық ұйымдардың позициялар мен саясаттар ұстануы арқылы көрініс табады.