Путин: Ресей әлемде әскери саладағы ең үздік орнына оралды
РФ Президенті бейсенбі күні Отанды қорғаушылар күніне арналған рәсімде: "Ресей әскери дайындық, Қарулы күштердің сапасы мен әскери технологиялар бойынша әлемдегі ең үздік орнына оралды",-деп мәлімдеді.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Владимир Путин: "Бүгін Ресей қауіпсіздігінің толық кепілдендірілгенін сеніммен айтуға болады",-деп қуаттады.
РФ Президенті, сондай-ақ, болашақта Ресейдің стратегиялық ядролық тежегіш қуатының нығайтылатындығына уәде берді.
Путин бейсенбі күні, сонымен қатар, Мәскеуге Отанды қорғаушылар күніне арналған мерекелік рәсімге қатысуға келген Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Сербия, Венесуэла, Моңғолия мен Катар елдерінің Қорғаныс министрлерімен кездесті.
23 ақпан Ресейдің ресми күнтізбесінде Отанды қорғаушылар күні деп белгіленген. Осы мерекеге орай Ресейдің әртүрлі қалаларында әралуан мерекелік шаралар мен әскерилерді марапаттау рәсімдері ұйымдастырылды.