Халықаралық Кешірім ұйымы Ұлыбританияны Сауд Арабиясына қырғи ұшақ сатқаны үшін сынады
(last modified Sat, 10 Mar 2018 08:44:33 GMT )
Нау 10, 2018 14:44 Asia/Almaty
  • Халықаралық Кешірім ұйымы Ұлыбританияны Сауд Арабиясына қырғи ұшақ сатқаны үшін сынады

Халықаралық Кешірім ұйымы жұма күні кешке Ұлыбританияның Typhoon қырғи ұшағын Сауд Арабиясына сату туралы келісімнің қол қойылғанына білдірген реакцияда: "Арабстанға қырғи ұшақ сату Йемен дағдарысының отына май құюмен бірдей",- деп мәлімдеді.

Сауд Арабиясы мен Ұлыбритания жұма күні қару-жарақ сату туралы келісімге қол қойды. Сол келісімге сәйкес, Рияд Лондоннан 48 Typhoon Eurofighter қырғи ұшағын сатып алады.

Екі ел бұл келісімге Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммад бин Салманның Лондонға сапарының соңғы күні қол қойды.

Сауд Арабиясы тақ мұрагерінің Лондонға сапары Ұлыбритания халқының жаппай наразылығын тудырды.

Қару-жарақ саудасымен күрес кампаниясының ресми мәліметтеріне сәйкес, Сауд Арабиясы Ұлыбритания қаруының ең ірі сатып алушысы саналады.

2015 жылдың наурыз айынан бастап Йемен АҚШ, Ұлыбритания, БАӘ мен тағы бірнеше елдің жан-жақты қолдауына иек артқан саудиялық режимнің қатыгез шабуылдары толқынының астында қалған жағдайда  ұлыбританиялық қырғи ұшақтар Сауд Арабиясына сатылып жатыр.

Басқыншылық салдарынан басым бөлігін балалар мен әйелдер құраған 14 000 бейбіт тұрғын қаза болып, миллиондаған адам босқынға айналды.

Халықаралық ұйымдар мен адам құқығы жөніндегі мекемелер Ұлыбритания мен саудиялық режимге қолдау көрсетуші басқа елдерден Риядқа қару-жарақ экспорттауды доғаруды сан рет талап етті.