Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына АҚШ-тың үстінен шағым түсірді
Қытай ауыр алым-салық тарифтерін енгізгені үшін Дүниежүзілік сауда ұйымына АҚШ-тың үстінен шағым түсірді.
Қытай үкіметі сейсенбі күні АҚШ-тың болат пен алюминийге тарифті арттырғанына байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымына осы елдің үстінен шағым түсірді. Сонымен қатар Қытай басшысы Си Цзиньпин сейсенбі күні сөйлеген сөзінде осы ел экономикасының ашығырақ әрі еркінірек болатындығы мен әртүрлі тауарлардың, соның ішінде көлік импорты тарифтерінің төмендетілетіндігіне уәде берді. Қытай басшысының бұл сөздері Бейжің мен Вашингтон қатынасындағы сауда текетірестері үдеп бара жатқан жағдайда айтылды.
Қытайдың импорттық тарифтерді төмендетуге шешім қабылдауы АҚШ Президенті Дональд Трамп бетке алған бағытқа толығымен қарсы.