АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның Сириядағы қылмысына қатысты жетекші көзқарасы
(last modified Sun, 15 Apr 2018 11:24:58 GMT )
Сәу 15, 2018 17:24 Asia/Almaty
  • АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның Сириядағы қылмысына қатысты жетекші көзқарасы

Ислам революциясының жетекшісі АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның Сирияға шабуылын қылмыс деп атап, АҚШ пен Франция Президенттері мен Ұлыбритания Премьер-министрінің қылмыс жасағандықтан қылмыскерлер екенін айтты.

Хазірет аятолла Хаменеи сенбі күні таңертең жүйенің жауапты тұлғаларының бір тобы, ислам елдерінің елшілері және халықтың әртүрлі топ өкілдерімен кездесуде АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның химиялық қарулардың қолданылуына қарсылығы туралы уәждерін жалған деп: "ИИР бұрынғыдай қарсыласушы топтардың қасынан табылады. АҚШ-тың аймаққа қатысты өз мақсаттарында жеңіліс табатыны анық ",-деп баса айтты.

Ислам революциясының жетекшісі АҚШ Президентінің ДАИШ-пен күресіп, Сирияда оны жеңіліске ұшыратқаны туралы сөзіне тоқталып: "Бұл сөздер – нағыз өтірік, өйткені америкалықтар саудиялықтар мен соларға ұқсастардың ақшасымен Ирак пен Сирияда осы сұрқия құбылысты тудырып, қажет болғанда лаңкестерге қолдау көрсетті. ДАИШ-тың басты мүшелері қоршауда болғанда оларды құтқарды",-деді.  

АҚШ, Ұлыбритания мен Франция сенбі күні таңертең шабуылды Сирияның әртүрлі өңіріне «Сирияның Дума қаласында химиялық қару қолданылды» деген сылтаумен жүзеге асырды. Бұл тақырып осы күнге дейін халықаралық қауымдастық, соның ішінде  Химиялық қаруларға тыйым салу ұйымының ақиқат іздеуші комитеті тарапынан расталмады.  АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның Сирияда соғыс отын тұтатуы БҰҰ-ның рұқсатынсыз жүзеге асырылды. Бұл шара халықаралық заңдарға қайшы әрі әлемнің бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Осы салада Ресей Президенті Владимир Путин сенбі күні Сирияға шабуылды тәуелсіз әрі егемен үкіметке ие бір елге ашық түрде басып кіру деп сипаттап, Вашингтон мен оның одақтастарының Сирияның әскери және әскери емес нысандарына шабуылын БҰҰ жарғысын бұзу деп атады.

АҚШ-тың БҰҰ жарғысын ескермеуі бұрын да орын алған. Бұл ел 2003 жылы Иракқа басқыншылық жасағысы келгенде де расталмаған уәждерге иек артып, осы араб еліне шабуыл жасады. Содан 15 жыл өтсе де, Ирактың өлім жазасына кесілген диктаторы Саддамның жаппай қырып жоятын қаруға ие болғаны расталмады. Америкалықтар басқыншылық жасаса да, Иракта көздеген мақсаттарына жете алмады.  Ирак халқын күн сайын қырып-жою,  тынышсыздықтарды арттыру, лаңкестік топтарды, соның ішінде  ДАИШ-ты құру АҚШ-тың Ирактағы әскери құзырының салдарлары болды. Бұл үдеріс Ауғанстанда да қайталанды. АҚШ пен оның одақтастарының Ауғанстанда болғанына 17 жыл өтсе де, бұл елде қауіпсіздік орнамады. Ауғанстанда лаңкестік шабуылдардың жалғасуы мен ДАИШ-тың енуі АҚШ пен оның одақтастарының басқыншылығының саясында орын алды. Ирак пен Ауғанстан тәжірибесі мен  Сирияның жағдайы әлем халықтары үшін АҚШ пен оның одақтастарының аймақ халықтарына жақсылық тілемейтінін дәлелдеп берді. АҚШ өз мүддесіне қатер төнгенін көрсе, жалған айып жобалап, БҰҰ жарғысына қайшы әрекет етіп, тәуелсіз елді нысанаға алады. Бұл бейбастақ әрекет – қылмыстың айқын үлгісі. АҚШ, Ұлыбритания мен Францияның Сирияға жарнамалық әрі сахналанған шабуылы қарсыласу қозғалысы Шығыс Ғуте ауданында стратегиялық жеңіске жеткеннен кейін жасалды. Дума қаласында химиялық шабуыл жасалғанына жауап беру бұл үш елдің тәуелсіз елге басқыншылық жасауының сылтауы болды.

ИИР мен Сирияның ұйымдастыруындағы қарсыласу майданы Сирияда АҚШ пен оның одақтастарының қолдауындағы лаңкестерді жеңіліс жолына салды. Бүгінде Сириядағы соғыстан 7 жыл өтсе де, осы елдің саяси сахнасы мен соғыс майданын басқару трансаймақтық алпауыттардың еркінен тыс қалып отыр. Ислам революциясының жетекшісі айтқандай, АҚШ пен оның одақтастарының лаңкестерді қолдауына қарамастан, қарсыласу қозғалысы Сирия мен Иракты құтқара алды.  

 

 

Тегтер