Ауғанстанда кедейшілік артып келеді
Ауғанстан Президенті бұл елде кедейшіліктің артып келе жатқанына алаңдаушылық білдірді. Мұхаммад Ашраф Ғани Кабулда Бақылау және біртұтастандыру ортақ тобы отырысының ашылу рәсімінде: «Ауғанстандағы кедейшілік 2013 жылы 46 пайыз болса, 2014 жылы 49 пайызға жетті»,-деп мәлімдеді.
Саяси бақылаушылардың көзқарасы бойынша, Ауғанстан Президенті Мұхаммад Ашраф Ғанидің елде кедейшіліктің артқаны туралы сөздері осы елдің халқы жылдар бойы бетпе-бет келіп отырған шындықтарға көңіл аудару болып табылады. 2001 жылы Талибан режимі құлатылып, Ауғанстан АҚШ пен оның одақтастары тарапынан басып алынғаннан кейін бұл ел халықты алдарқататын уәделер беру арқылы олардың басқыншыларға қарсы кез-келген реакцияларының алдын алуға тырысты. Сол заманда Батыс елдері АҚШ-тың Ауғанстандағы құзырының әсерлері жайында жарнама жасағаны соншалықты, Ауғанстан халқын әл-ауқаты жақсы, дамыған ел болатындықтарына үміттендірді. Бірақ Ауғанстанның басып алынғанына 15 жылдан астам уақыт өткен соң енді халықаралық орталар мен Ауғанстан қайраткерлері ұсынған есептерден бұл елдің экономикалық дағдарысының шешілмегендігімен қатар жұмыссыздық пен кедейшіліктің бұрынғыдай халық пен үкіметтің маңызды түйткілі болып отырғанын көруге болады. Осындай жағдайда халықаралық орталар Ауғанстандағы экономикалық және әлеуметтік дағдарыстарды шешу үшін бұл елге миллиардтаған доллар көмек бөлді. Осы тұрғыдан Ауғанстанда кедейшіліктің жалғасып, оның күшейе түсу себептері жөнінде әртүрлі мәселелер айтылуда. Кейбіреулердің сенімінше, халықаралық көмектер Батыс елдерінің жарнамаларына керісінше толығымен Ауғанстанды қайта жөндеуге бөлінбейді. Осы жағдайда Ауғанстанның қайраткерлері халықаралық көмектерді жұмсау тәсілін сынға алып, Батыс елдері шетелдік көмектерді өздерінің Ауғанстандағы талап-тілектері мен мүдделері негізінде жұмсады және көмектің тек аз бөлігі Ауғанстан үкіметіне берілді деп санайды. Ауғанстанның тәуелсіз орталары болса осы елге бөлінген халықаралық көмектердің тиімсіз жұмсалғанын айтады. Ауғанстанда бейберекеттіктің жалғасуы мен лаңкестік әрекеттердің кеңеюі Ауғанстанды қайта жөндеу үдерісіне көмектесу үшін отандық және шетелдік инвестицияның тартылмауына себеп болды. Сондай-ақ, Ауғанстанда көкнәр егуді жалғастыру және есірткі заттарын өндіру бұл елдің егін шаруашылығының дамымай қалуына себеп болды. Бұл елдің егіс алқаптарының көбі бұрынғыдай көкнәр егуге арналған.
Батыс елдері Ауғанстанда кедейшіліктің жалғасуының себептерінің бірін бұл елде әкімшілік және қаржы саласында сыбайлас жемқорлықтың болуы деп санап, шетелдік көмектер кедейшілікті жою жобаларына жұмсалудан бұрын жемқорлық салдарынан жойылып кетеді, сондықтан іс жүзінде экономикалық жобаларды орындауға қаражат қалмайды деп санайды.
БҰҰ Бас хатшысының Ауғанстандағы өкілі осы мәселені қуаттап: «Бұл ел көптеген түйткілдермен, соның ішінде әкімшілік және қаржы саласындағы сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отыр. Ауғанстан үкіметі әлемдік қауымдастықты осы елге қаржылай көмек беруді жалғастыру қажеттігіне сендіруге тырысуы керек»,-деп мәлімдеді.
Ауғанстанның ұлттық бірлік үкіметі халықаралық қауымдастықтың сыбайлас жемқорлық туралы кейбір сындарын қабылдап, осы түйткілмен күресу үшін ауқымды талпыныстарды бастады. Бұған қарамастан Ауғанстан үкіметі кедейшіліктің лаңкестік топтар тарапынан күш тартуға мұрсат ретінде пайдаланылмауы үшін осы елдегі кедейшілікті жою мақсатында халықаралық көмектердің жалғасуын қалайды.