Ресей Иранның зымырандық бағдарламасын дамытуға құқылы екенін қуаттады
(last modified Sat, 22 Sep 2018 09:31:55 GMT )
Қыр 22, 2018 15:31 Asia/Almaty
  • Ресей Иранның зымырандық бағдарламасын дамытуға құқылы екенін қуаттады

2017 жылдың қаңтар айында АҚШ-та Дональд Трамп билік басына келгеннен бері "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын сынап, оны қайта қарастыру қажеттігі өзекті тақырыпқа айналды. Трамптың барлық уәжі "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасы Иранның ядролық шараларын ауыздықтап, АҚШ-тың мүдделері мен талаптарын, әсіресе Иранның зымырандық бағдарламасы мен аймақтық саясатына шынайы шектеу қою саласындағы талаптарын қамтамасыз ете алмады дегенге саяды.

Осыған байланысты Трамп толығымен теріс әрі жауластық қатынас ұстанып, қайта қарастыруды талап етіп, ақырында 2018 жылдың 8 мамырында АҚШ-ты "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасынан шығарып, Иранға қарсы ядролық санкцияларды қайтарды.  

АҚШ-тың Мемлекеттік департаментіне Майк Помпео келген соң 12 шарттан тұратын талап қойды. Бұл талаптар Иранмен әсіресе ядролық мәселе бойынша әріптестіктегі бетбұрыс нүктесі, АҚШ-тың "алтылық" топпен қарым-қатынасындағы алшақтықтың бастауы болды. Өйткені, бұрынғыға керісінше АҚШ-тың жаңа талаптары Иранның ядролық мәселесімен шектелмей, одан асып түсті.

Осы аяда АҚШ Иранның ядролық және зымырандық бағдарламаларының, Иранның аймақтағы саясаттары мен шараларының толығымен тоқтатылуын талап етіп отыр. Бұл талаптар Иранның қатты қарсылығына ұшырады. Иран өз мүдделері сақталған жағдайда "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын сақтауды баса айтып, зымырандық бағдарламасы мен аймақтық саясаттарына шектеу қоюға қарсылық білдірді. "Алтылық" тобының кейбір мүшелері АҚШ-қа жақтасып, Иранның екі саланы қайта қарастыруын талап еткенімен, Ресей осы топтың басты мүшелерінің бірі ретінде зымырандық бағдарламаны дамытуды Иранның құқығы деп атады.  Ресейдің ядролық  мәселе бойынша аға келісімгері Сергей Рябков сәрсенбі күні кешке бұл жөнінде: "Зымырандық бағдарламаны дамытуды Теһранның заңды құқығы санаймыз. Бұған қатысты туындайтын барлық мәселелер ешқандай қысымсыз, әсіресе әскери қысымсыз келіссөз үстелінде шешілуі тиіс. Мәскеу зымырандық бағдарламаны дамытуды Иран тарапының заңды әрі бұлтартпас құқығы санайды. Бұл Иранның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді",-деді.

Ресей сонымен қатар АҚШ-тың Иранға әртүрлі салалар бойынша қысым жасап, ауқымды санкция салу қатынасын нәтижесіз деп атады. Ресейліктердің көзқарасынша, кез келген келісім екіжақты мүдделер мен басымдылықтардың теңдігі жағдайында болуы керек. Соған ұсыныс беретін кез келген тарап осы принципті қатаң сақтауы тиіс. Шын мәнінде ресейліктер де АҚШ көздеген 12 шартты орындау арқылы Иранның барлық ядролық қуатынан айырылып қана қоймай, өзінің ұлттық және аймақтық құдіретінің негіздерінен, соның ішінде зымырандық қуаты мен аймақтық ықпалынан да айырылады деген шындықты түсінді. Шындығында, Вашингтон Иранды бар күш-қуатынан айырып, содан кейін оған өзінің үстемшіл саясаттарын таңуды көздеп отыр.