Гаага сотының шешімі – Иранның заңдылығының айқын белгісі
Иран Сыртқы істер министрлігі Иранның АҚШ-тың үстінен түсірген шағымына байланысты халықаралық соттың уақытша шешіміне тоқталып: «Гаага сотының шешімі Иранның заңдылығын, АҚШ санкцияларының заңсыз әрі әділетсіздігін көрсетті»,- деп қуаттады.
Халықаралық сот сәрсенбі күні Иранның АҚШ-тың үстінен түсірген шағымына қатысты отырысында қорытынды шешім қабылданғанша Вашингтонды Иранға қарсы гуманитарлық және аэронавигациялық шектеулерді тоқтатуға міндеттеді.
АҚШ «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан шығып, ядролық мәселеге қатысты Иранға қарсы санкцияларына оралған соң Теһран Халықаралық сотқа Вашингтонның үстінен шағым түсірген болатын.
IRNA-ның сәрсенбі күнгі мәліметі бойынша, Иран Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде: «Халықаралық сот Иранның заңдылығын, АҚШ үкіметінің заңсыз ұстанымдарын растады. Бүгін әлемнің қоғамдық пікірі мен барлық тәуелсіз мемлекеттер халықаралық келісімдерді құрметтеу негіздеріне сүйеніп, халықаралық құқық пен үкімет басшыларын құрметтеп, «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын қорғауға қатысты ерік-жігерлерін көрсетті. Халықаралық соттың уақытша шешімі АҚШ үкіметінің басқа елдерге қарсы қате және экстремистік саясат жүргізіп отырғанын дәлелдеп, осы елдің оқшаулығын күннен күнге арттыруда. Бұл мемлекет халыққа қарсы зұлым әрі қате әрекеттерінен бас тартуы керек»,- деп қуатталды.
Иран Сыртқы істер министрі сонымен бірге: «Халықаралық қоғам мен тәуелсіз мемлекеттер халықаралық міндеттемелерін орындамай, келісімдерді бұзу тәжірибесіне ие АҚШ-тың заңсыз әрекеттерін нәтижесіз қалдыруы керек»,- деді.